Тұрғымбаев белгілі дәрігердің ісі туралы айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Министр сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін ғана дәрігердің кінәлі-кінәсіздігі анықталатынын атап өтті 

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев адам ағзаларын заңсыз алды деп айыпталған белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратовтың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Оның ісіне қатысты тергеу жүріп жатыр, әлі аяқталған жоқ. Бұл бізге басқа елден келген шетелдіктермен байланысты. Сол себепті тергеу ұзаққа созылды. Жедел тергеу тобы шетелге барады, ол жақтағы әріптестеріміз көмек көрсетеді. Тергеу аяқталысымен ақпарат береміз», — деді Тұрғымбаев үкімет кулуарында.

Бұған дейін медицина қауымы Ғани Құттымұратовты жақтап шыққан еді. Ақ халаттылар әріптесінің адам ағзаларын заңсыз алғанына сенбейтінін жеткізді. 

«Дәрігерлерге қатысты бізде әрқашан сот-медициналық сараптама жүргізіледі. Тек дәрігерлердің қорытындысынан кейін ғана оның кінәсі анықталады. Біз оның кінәлі-кінәсіздігі туралы шешім қабылдай алмаймыз. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтеміз», — деп түсіндірді министр.

Маусым айында Украинаның ұлттық полициясы азаматтарының Қазақстанда ағзасын сатуға мәжбүр екенін мәлімдеген болатын. Осындай жиырмаға жуық факті тіркелген. Украиналықтар өз бүйрегін саудалаған.

Қазір бұл істің анық-қанығына полиция көз жеткізіп жатыр.

Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар бірнеше адамды ұстады. Олардың арасында белгілі дәрігер-трансплантолог Ғани Құттымұратов та бар.

Қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалған.

Тағы оқыңыз: Ақтөбеде бүйрегін ауыстырған науқасқа көмектескен шенеунік қызметінен айырылуы мүмкін

Қылмыстық кодекстің 264-бабы, 2-тармағы «Трансұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық ұйымға қатысу» бойынша мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қылмыстық кодекстің 116-бабы, 3-тармағы «Адам тіндері мен органдарын заңсыз жолмен алу немесе алуға мәжбүрлеу» бойынша кінәлілер мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ғани Құттымұратов – медицина ғылымдарының PhD докторы, 2005-2008 жылдардағы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. 2011-2013 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас трансплантологы болған. Жоғары санаттағы трансплантолог дәрігер.



sputniknews.kz