Қазақстанда ең жас визажист кәсібін дөңгелетіп отыр — Қазақстан жаңалықтары

0

12 жасында еліміздегі ең жас визажистердің бірі атанған жеткіншек Сабина Есенгелдиева кішкентай күнінен қоғамға пайдалы болуды ұстанымына айналдырған. Жас та болса, өз ісін бастап үлгерген жасөспірім визажистің мамандығын бірінші кезекте пайда табу үшін емес, рухани ләззат алатындықтан таңдаған. Есенгелдиева Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне визажист болған екі жылдың ішінде не үйренгенін, кәмелеттік жасқа толмай не үшін жұмыс істеп жүргенін, қандай мақсаттарға жеткісі келетінін айтып берді.

Сабина 12 жасында макияж өнерін анасы Ақбаян Асанқызынан үйренген. Жас та болса, бір мамандық иесі атанған ару «рахмет» үшін жұмыс істеген күндерін еске алғанда екі езуіне еріксіз күлкі үйіріледі. Екі жылдың ішінде анасымен бірге Алтынай Жорабаева, Мадина Сәдуақасова, Жазира Байырбекова, Дана Нұржігіт сынды қазақ еліне танымал тұлғалармен жұмыс істеп үлгерген жасөспірімнің өз шеберлігіне деген сенімі артқан. 

“Кәсіби деңгейде өсіп, білмегенімді үйренуім әуелі Алла, сосын анамның арқасы. Қазір макияждан бөлек, клиенттерге сәнді шаш үлгілерін жасап бере аламын. Үлкен-кішісі бар, боянуды үйренгісі келетін нәзік жандылар қауымына “Сам себе визажист” курсын өткіземін. Қызмет саласында жұмыс істеу, клиенттермен тіл табысып кету оңай емес. Дегенмен, оған да төселіп қалдым. Осыдан екі жыл бұрын, визажбен  енді ғана айналыса бастағанда көпшілік кішкентай деп менсінбеуші еді, ал қазір еш уайымдамай макияж жасата береді. Күмәнданған жағдайда Instagram желісіндегі парақшама кіріп, жұмыстарымды көруге кеңес беремін. Макияжды сапалы жасайтыныма көз жеткізгеннен кейін клиенттің сұрақтары қалмайды. Жұмысымды аяқтағанда сыртқы келбетіне көңілі толған адам ризашылығын білдіріп, рахметін айтып жатады”, — дейді 14 жастағы ару. 

Шымкенттік қызды 12 жасында визажист болуға ешкім мәжбүрлемеген. Анасының жұмысына сүйсініп, сұлулықтың қыр-сырын жан-жүрегімен өзі меңгергісі келген. 

«Кәмелеттік жасқа толмағанымды алға тартып, анамнан маған неге жұмыс істетінін сұрап жатады. Бұл- анамның емес, менің таңдауым. Өмірі үшін жауапкершілікті мойнына алуға қорықпайтын, өз-өзіне жауап бере алатын тұлға ретінде есейгім келеді. Сондықтан 12 жасымнан бастап жұмыс істегенімнің еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Ермек ретінде алып жүрген жұмысым сабағыма еш кедергісін тигізбейді. Анам клиент шықса, бос уақытыма жазыңыз, сабақтан сұрап алмаңыз деген өтінішімді жерге тастамауға тырысады. Менің өмірімде білімнің ролі зор, мектептегі оқуым өте маңызды. Қазір сегізінші сыныпта, таңертеңнен бастап түскі екі жарымға дейін оқимын. Сабақтан кейін жұмыс орныма келіп, клиент болса, міндетімді орындауға кірісемін. Клиент болмаса, үйіме қайтамын. Тұрақты, бекітілген жұмыс графигім жоқ, макияж жасатуға келетін адамның бар не жоғына байланысты жұмыс істеймін», — деп ағынан жарылды жас маман. 

Сабинаға қарап бой түзейтін сыныптастары ол секілді сұлулық саласының қыр-сырын меңгергісі келеді екен. Маңызды шаралар мен той-думанға дайындалса, аналарымен бірге бірден Сабинаның көмегіне жүгінеді. Өз кезегінде үлкендер мен кішілердің құрметіне бөленген жас маман жеткен жетістіктірмен шектелмей, анасы Ақбаян Асанқызы, Сәния Ілиясова, Гоар Аветисян секілді мықты визажист болуға ұмтылады. «Бір жеткен жетістігінен аса алмайтын визажистердей болғым келмейді. Менің ойымша, қанша жерден атағыңыз шықса да, кішіпейілдігіңізді, адамгершілік қасиеттеріңізді сақтап қалуыңыз қажет», — дейді ол.

Жас визажистің пікірінше, әйелдер күнделікті боянып жүргенге қарағанда бет күтіміне көбірек мән беру қажет. 

«Бәрібір қанша боянсаңыз да табиғи сұлулыққа ешнәрсе жетпейді ғой. Көп косметика жаққанннан гөрі аздап боянған дұрыс, кірпігімізді, ернімізді бояп отырсақ, соның өзі жеткілікті, Курс өткізгенде шәкірттеріме де осыны түсіндіремін», — дейді Сабина. 

Әлемдік косметикалық брендтердің барлығын дерлік өте жақсы білетін жеткіншек макияжды 3500 теңгеге, ал макияж бен шаш үлгісін бірге 5000 теңгеге жасап береді екен. Жасөспірім тапқан табысын жаратпай, алға қойған мақсатына жету үшін жинап жүр.

«Он бірінші сыныпты бітіргенде жеке басымның қажеттіліктері үшін анамнан ақша сұрамайтын боламын. Жинаған ақшама үй мен көлік сатып алсам деймін», — дейді оқушы. Ал анасы есейе келгенде басқа саланы таңдаса, қарсылық танытпайтынын айтты.

«Жүрегі қалаған мамандықты таңдап, Құдай қаласа, жоғары білім алады деген үміттемін. Қазіргі уақытта визажист мамандығы оның ермегі. Өз жұмысынан ләззат алады, сұлулық саласында жұмыс істегенді ұнатады. Келешекте дизайнер немесе дәрігер болғысы келсе де, өзіне байланысты», — дейді Ақбаян Асанқызы. 

Көпбалалы жанұядан шыққан Сабинаның екі сіңлісі де әпкесі секілді сұлулыққа жақын екен. Жасөспірім ізінен ерген екі қызға бұл сала жайлы білетінін үйретіп, тәжірибесін бөлісіп жатыр. Сонымен қатар, оқу озаты басты ермегінен бөлек, спорт түрлері: волейбол, тхэквандомен айналысады. 

 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.



stan.kz