Атырауда жолаушылар тасымалына жаңа жүйе енгізілді
Атырау қалалық әкімдігінің осы олқылықтың орнын толтыруға әрекеттенгені нәтижесіз емес. Облыс орталығында екі автобус бағытында электронды билет жүйесінің қанатқақты жобасы іске қосылды. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, №1, 2, 4, 5, 10, 12, 14, 20 бағыттарындағы қоғамдық көліктер мобильді төлем құрылғысын пайдалануды бастаған. Жыл соңына дейін барлық қоғамдық көлікке стационарлық валидаторлар орнатылады.
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық көлікте жол жүру төлемдерін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Smart-ТКШ» компаниясы тасымалдаушы-компаниялармен келісімшартқа қол қойды. Автобустарға QR кодтарын тағайындап, төлемдердің басқа түрлерін жасауға болатын «SmartQala» мобильді қосымшасы іске қосылды. Электронды билет жүйесін енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету», дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи.
Жаңа жүйе арқылы қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасы жақсарып, жүргізушілердің, жолсеріктердің жалақысы, тасымалдаушы компаниялар табысы, бюджетке түсетін салық түсімі көбейеді екен. Қазірдің өзінде жүргізушілер мен автобус жолсеріктерінің жалақылары екі есеге өсіпті. «Смарт Атырау» КММ басшысы Әділбек Танкиевтің айтуынша, қараша айынан бастап қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбекақылары 110 мың теңгеден 300 мың теңгеге көтерілген, ал жолсеріктер бұрынғы 45 мың теңгенің орнына 85 мың теңге алады.
– Бұл шаралар қоғамдық көліктерге енгізілген жолақы төлеудің электронды жүйесінің тиімділігін көрсетеді, – дейді Ә.Танкиев. – Жолаушылардың қозғалысын басқару, тасымалдаушы мекемелер кірістерінің ашықтығы, бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуы осындай мүмкіндік беріп отыр.
– Қанатқақты жоба кезінде жолаушылар валидатор арқылы қолма-қол ақша төлейді. Жүйе іске қосылғаннан кейін арнайы төлем карточкалары енгізілді. Жол жүру картасының құны 300 теңге, зейнеткерлер мен мүгедектерге, ардагерлерге арнайы тегін карталар беріледі, – дейді «Smart-ТКШ» компаниясының өкілі Ерлан Нұрланұлы. – Бұған дейін Алматы, Астана секілді еліміздің ірі қалаларында қолға алынған жоба қоғамдық көлік саласындағы мәселелердің күрмеуін шешкен еді. Атыраудағы жобаның артықшылығы – төлемдер онлайн-форматта қабылданады және төлемдердің барлық 9 түрі біріктірілген бір жүйеде жұмыс істейді. Бұл автобустардың бір-бірімен байланыста болуына, күнделікті жұмыстары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін мұнайлы аймаққа 100 жаңа автобус келіп, қоғамдық көліктер төлем құрылғыларымен жабдықталады деген жоспар бар.
Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының аясында қолға алынған бұл жоба көлеңкелі экономиканың алдын алуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға және табыстың көбеюіне мүмкіндік береді. Биыл облыс орталығындағы Баймұханов, Тайманов, Владимирский көшелері кеңейтілді. Енді осы жерлерге жаңадан жеті аялдама қондырылады. «WiFi» желісі, бейнекамералары бар аялдамаларда дүкен, дәріхана және басқа да қызмет көрсету орталықтары орналасады.
Жалпы, облыс орталығындағы 60 көшені қазіргі заманғы құралдармен жабдықтау кезекте тұр. Сондай-ақ 192 көшеге жарық шамдары орнатылады. Қоғамдық орындарға 776 бейне және фотобақылау камералары орнатылады. Мұның бәрі – Атырауды «ақылды қалаға» айналдыру жолында жасалып жатқан жұмыстар. Осылайша күннен күнге сәулеті мен дәулеті қатар артып келе жатқан шаһар шырайлана түспек.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ