Арыста 500 сапер жұмыс істеп жатыр
Әскери қойма жарылған Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатыр. 1800 адам снарядтар түсуі мүмкін деген жерлерге барлау жүргізіп жүр. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысында қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов хабарлады.
Бектановтың сөзінше, Арыстағы №44856 әскери базасының маңындағы қару-жарақ қоймасы 60-жылдардан бері жұмыс істеп келеді.
«Қазір базада 400-дей адам жұмыс істейді. Көбі келісім-шартпен жұмыс істеп жүргендер. Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар болған жоқ» деді ол.
Бектановтың айтуынша, қоймада әуе күштерінің қарулары сақталмаған, тек атқыш және артиллериялық қарулар сақталған.
Оқи отырыңыз: «Қару ескірген сайын қауіпті». Сарапшылар Арыстағы жарылыс жайлы
24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жарияланды.
Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын, 70 адамның зардап шеккенін хабарлады. Қаза тапқандардың бірі — Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінді адам — әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.
Жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Ресми дерек бойынша, қалада 45 мыңға жуық адам тұрады.
Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының біразы эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.
Түркістан облысына 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барған. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың арыстықтармен кездескенін, билік азаматтардың баспанасын қалыпқа келтіріп беретінін айтып, сабырға шақырғанын хабарлады.
Видео: Арыстағы оқиғаның хроникасы