Президент Бердімұхамедов ұлын аймақ әкімі етіп тағайындады

0

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сердар Бердімұхамедовті Ахал уәлаяты хәкімі (әкімі) қызметіне тағайындады. Бұл туралы 17 маусымда Түркменстанның мемлекеттік ақпарат агенттіктері хабарлады.

Бұған дейін президент әкесі жалғыз ұлын биыл 2 қаңтарда Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары етіп тағайындаған болатын.

37 жастағы Сердар Бердімұхамедовтің саяси мансабы 2016 жылдың басында басталған. Сол жылы ол парламенттің қосымша сайлауында депутат болып сайланған. Оған дейін президенттің ұлы елдегі бірнеше министрлік пен агенттікте түрлі қызмет атқарған.

Сердар Бердімұхамедов осыған дейін Түркменстан сыртқы істер министрлігінде департамент басшысы, министрдің орынбасары болып та жұмыс істеген. Тәуелсіз бақылаушылар Сердер Бердімұхамедовті биліктегі әкесінің ықтимал мұрагері деп санайды.

Ресми басылымдарда Сердар Бердімұхамедовті «халықтың ұлы» деп атайды, ал оның әкесімен бірге көпшілік алдына шығуын «ұрпақтар сабақтастығы» деп жазған. Президент Бердімұхамедовтің жалғыз ұлынан басқа үш қызы бар.

Сердар Бердімұхамедов президент әкесі бармаған кей халықаралық жиындарға қатысқан. Мысалы, 2018 жылы ол Қазақстанда өткен Орта Азия елдері басшыларының кездесуі мен ТМД елдері министрлерінің кеңесіне қатысып қайтқан.

Биыл 29 маусымда 62 жасқа толатын Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды өзіне дейінгі президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болған 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып отыр. 2017 жылы ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы қолдау білдірген Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған. Бұл елде президент жеті жылға сайланады.

Батыс бақылаушылары Түркіменстанда осы кезге дейін бір де бір сайлау әділ және еркін өткен жоқ деп санайды. Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады.

«Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының баспасөз еркіндігі рейтингінде Түркіменстан 180 елдің ішінде ең соңғы орында тұр. Ал Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы биылғы есебінде Түркіменстанды «азаматтардың еркіндігі мен бостандығы көп шектелетін еркін емес елдер» тізіміне қосқан.

Azattyq