«Отырамыз ба тозып?» Қарағандыда құлап қалған үйдің тұрғындары шу көтерді  

0

Шыдамы таусылған жұрт жергілікті әкімдіктен құрылысты тез арада аяқтауды талап етті  

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр — Sputnik. Қарағанды қаласында 7 жыл бұрын құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің жұрты әлі күнге дейін пәтерлерін ала алмай жүр.

2014 жылы 60-тан астам отбасына баспана берілуі тиіс еді. Алайда, апатты ғимараттың орнына салынып жатқан көп қабатты үйдің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Бүгін шыдамы таусылған жұрт Қазыбек би атындағы аудандық прокуратура ғимаратына жиналып, жергілікті әкімдіктен құрылысты тез арада аяқтауды талап етті.

«Сіздер наурыз айында бітіріп, кілтті береміз дедіңіздер. Қазір мамыр аяқталуға айналды. Нақты мерзімін, қай уақытта берілетінін айтқаныңызды қалаймыз», — деп талап қойды Қарағанды қаласының тұрғыны Бақыт Дүйсебекқызы.

«Барынша тез тапсыруға дайындалып жатырмыз. Сізге одан басқа қандай жауап керек? Нақты күнін айта алмаймын. Жұмыстың қалған көлеміне қарауымыз керек. Мақсатымыз – сіздерге жылдам кілтті тапсыру», — дейді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жақсылық Шалабеков.

Оралда темекі тартуға шыққан тұрғындар балконмен бірге құлап кетті

Бөлімнің мәліметінше, алғашқы мердігер компания құрылысты аяқтай алмаған соң екіншісімен келісімшарт жасасуға тура келген. Оның үстіне алғашында пәтердің бір шаршы метрі 90 мың теңгеге бағаланса, кейін құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты ол 136 мың теңгеге көтерілген. Сондықтан қазіргі таңда мердігер компания үйді демеушілер тарту арқылы салуға мәжбүр болып отырғандарын жеткізді. Жаңа баспанада жеделсаты мен сантехника орнатылмаған. Ішкі әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттандыру да тоқтап тұр. Жылдар бойы пәтер жалдаудан шаршаған кей азамататтар пәтерлерін өз қаражаттарына жөндеуге кіріскен.

«20 жыл ақша жинадым, 20 жыл. Содан осы 2 бөлмелі пәтерді алдым, 80 шаршы метр. Сосын құлатты. Одан кейін қаңғырып жүрміз. Өз ақшама қайта жөндеп жатырмын. Бұларда не ақша жоқ, не жұмыскер жоқ. Отырамыз ба тозып?», — деп ашынды қала тұрғыны Қанат Әшірбеков.

Еске салсақ, 2012 жылы сәуір айында Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің бірі құлап қалған болатын. Бұдан кейін жүзден астам отбасы қауіпсіз жерге көшіріліп, көп қабатты ғимарат бұзылды. 

 



sputniknews.kz