Сайлау қайтсе әділ өтеді?

0

Сәуірдің 28-і күні кешке Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына үміткер ұсыну аяқталды. ОСК мәліметінше, тоғыз үміткер құжаттарын ұсынған.

Олар: Сәдібек Түгел — «Ұлы дала қырандары» ұйымынан, Қасым-Жомарт Тоқаев – «Нұр Отан» партиясынан, Амангелді Таспихов – Қазақстан кәсіподақтар федерациясынан, Дания Еспаева – «Ақ жол» партиясынан, Төлеубек Рахымбеков – «Ауыл» партиясынан, Жамбыл Ахметбеков – Қазақстан халық коммунистері партиясынан, Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысынан, Талғат Ерғалиев — «Қазақстанның құрылысшылар одағы» республикалық бірлестігінен, Жұматай Әлиев – «Халық демографиясы» ұйымынан.

Енді президенттіктен үміткерлер сайлаушылардың қолын жинауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қазақстанда 11 814 019 азаматтың дауыс беруге құқығы бар.

Заң бойынша, президенттіктен үміткерді сайлаушылардың кемінде бір пайызы қолдауы тиіс, яғни, әр кандидат 118 140 сайлаушыдан қол жинап өткізуі керек. Олардың қол жинауға 11 мамырға дейін уақыты бар. Кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-і күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Кандидатты тіркеу кезеңі аяқталған соң үгіт-насихат кезеңі басталады және сайлауға бір күн қалғанда аяқталады.

Дерек бойынша, сайлау өткізуге бюджеттен 9,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат республика бойынша ашылатын 10 мыңға жуық сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады. Учаскелерде 70 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

AzattyqLIVE тікелей эфирінде кезектен тыс президент сайлауына ұсынылған үміткерлер мен ұсынған ұйымдар, олардың мүмкіндіктері, ОСК талаптары және бұл сайлауда әділ сайлау принциптері сақтала ма, жоқ па деген мәселелерді саясаттанушы Айдос Сарыммен талқылаймыз.

Алматы студиясында сағат 15:00-де басталатын Азаттықтың тікелей эфиріне сұрақтарыңызды әлеуметтік желідегі парақтарымыз арқылы жолдауларыңызға болады.

Azattyq