Әңгіме: Асқар Алтай | Қызбейіт
Бұл әңгіме маған сондай ыстық. Арада жиырма бес жылдай уақыт өтсе де ешқайда жариялай қоймаппын. Балалық шақтың бақытты да бал күндері өткен Алтайдағы әйгілі Қызбейіт жайлауы — ол туралы айтыла салатын аңыз әңгіме арқауы осы бір шағын шығарманың дүниеге келуіне себепші болып еді…
Кейде жазушыларға оқырман “Шығарма қалай туады?” деп сауал қойып жатады. Қызбейіт жайлауы аңызы — осы бір әңгіменің жоралғысы. Ал бірақ бұл аңызға бергісіз әңгіме уақыт өте келе ой-қиялыма тереңнен ұя салып, жан-дүниемді жаңаша толқыта түсіп, “Алтай балладасы” (Алтайдың алқызыл модағайы) романының тууына жол ашты.
Бұған оқырман түгілі өзім де қайран қалам!
Автор.
Аю мұрнын желге беріп, жас күлімсі иісті сезініп тұр. Маңай қалың қарағай мен шырша. Іңір қараңғылығы енді түскен шақ. Ауа дымқыл. Төңірек тыныштыққа иіген. Сәл самал желмен тербелген биік тау шөбі, шыршалардың теңселген ұшар басы мен ұшқаттың ұсақ жапырақтары қосылып ақырын ғана сыбдырлайды.
Әбден күшіне келіп толысқан еркек қоңыр аю екі аяғымен түрегеліп, тағы да тереңнен тыныс ала иіскеді. Иістің жақын маңда екенін сезінді. Қалың шөпті жапырып, анда-санда басын көтере иіскеп қойып жүріп келеді. Алаңқайға шықты. Алдында биіктеу біткен жалаңаш төбе. Иіс сап тыйылған. Аю екі аяғымен адамша тік тұра қалып, тіміскілей тағы иіскеді. Олай-былай тік жүріп те көрді, бірақ аюдың құмарын қоздырған тұщынарлық иіс сезілген жоқ. Ол қарағай, шыршасыз етекті сипар шөп басқан жалаңаш төбе басына көтерілді. Бір отар қой сыярлық төбе басында қарағайдан қиып салынған зират қарауыта қалған. Аю сескеніп қалды. Бұл қайдан пайда болған дегендей жанарын тігіп тұр. Көзіне қарай түскен шашын самал желпіп өтті. Мұрнына танауын жарған күлімсі тағы келді. Тұмсығымен тұщына иіскеді. Күлімсі иіспен бірге мұның зәресі ұша қорқатын екі аяқтылардың да иісі келгендей. Сол-ақ екен тұла бойын түсініксіз бір қорқыныш билеп өткен. Сонда да орнынан қозғала қойған жоқ. Ет жүректі емес пе, орман тағысы жойдасыз табанын басайын десе – жүрегі шыдамай, жалт беріп кетейін десе – күлімсі иісті көңілі қимай тұра берді…
Аздан соң төрт құлағы қалқиған бейітке де, одан шыққан иіске де, тіпті жалаңаш төбені қоршаған қалың орманға да бойы үйренгендей болған.
Аю ақырын басып бейітке жақын келіп, сақтана көз салды. Жас қарағайдан қиып салған бейіт үнсіз қарауытады. Еш сыбыс білінбейді. Тек жас балапан қарағайдың ащы шайырымен қабаттасқан күлімсі иіс келеді. Орман тағысы күлімсі иісті табиғи қарағай иісінен еркін ажыратады. Бөтен-бөгде иіс жоқ. Ол орнынан қозғала бейіттің құбыла жағындағы есігіне келіп, артқы аяғымен тік тұра екі қолын көтеріп, ішке сақтана кірді. Ай әлі тумаған. Алтайлықтардың салтынша салынған шатырсыз мола іші көрдей қараңғы. Бірақ аюдың қараңғылықты еркін сезінетін көзі мола ішін шарлап та үлгерген. Мола кең. Ол топырағы кеуіп үлгермеген жас қабірді қорбаңдап аша бастады. Күшті қолдары лезде жұмсақ топырақты шашып-шашып тастап, мәйіттің бетіне төселген жуан қызыл қарағай бөренелерді қопара бастады. Ауыр бөренелерді ол таяқ құрлы көрмей жұлып-жұлып алып, қабырғаға сүйей салды.
Көрдің беті ашылды. Ашқан бетте іштегі өлік иісі сыртқа лап қойған. Аю көр ашылған соң терең қазылған қабірге үнсіз үңіліп тұр. Дәл сол сәтте төңірекке жарық түскен. Аю жарыққа сүйсініп басын көтеріп алды. Ай биік тау басына жартылай көтеріліп, маңайға сүт сәулесін төгуде. Төбе басы сүт сәулеге шомылып, етек қарағайлардың көлеңкесінен қарауытқан қалпында.
Орман тағысы жуан мұрнымен пыс-пыс етіп, ақырын гүрілдей дыбыстады. Көтеріле қоймаған ай сәулесі биік қабырғадан қиғаштай қарсы қабырғаға түскен. Ашылған көр қап-қараңғы. Бірақ аюдың өткір көзі қабірдің құбыласында басын күн батысқа бере ақ кебінге оралған мәйіттің шетін ақымнан көріп тұр. Ол еңкейіп еді, сүйекке қолы жетпеді. Аю төрт тағандап жата қалып қолын созса да жеткізе алмады. Төбеге қойылғандықтан Алтайдағы ел қабір атаулыны кісі бойынан асыра терең қазып, құбыла жағынан адам еркін жататын ақым жасайтын.
Ол біраз әуреленді де көрге түсіп, мәйітті көтеріп көр шетіне қойды. Аю көрден екі қолымен созыла тырмысып, артқы аяқтарының тырнағын қабір қабырғасына батыра ытқып шықты. Қатқан мәйітті көлденең көтеріп, ай сәулесі қырындай түскен бейіт қабырғасына сүйеп, кебінін жырта бастады. Кебіннің дал-далын шығарып алып тастағанда сүйек жас қыз денесі болып шыға келді.
Кебінді жыртып жүргенде мәйіттің қолаң шашы тарқатыла түсті де, одан жалбыз араласқан сүйкімді иіс аюдың мұрнын жарды. Мәйіт әлі бұзылмапты, тек өлген адамға тән өлік иісі бар. Ол да таза орман ауасына шыққан соң, тез тарап кеткен… Қыз денесі ай сәулесіне шомыла жұмыртқадан аршылғандай кіршіксіз ақ. Осы кезде табиғатта ғана кездесетін бір күтпеген жағдай болды. Тарқатылған шаштың хош иісі мен қыздың көзін жұмған сұлу сымбатына аюдың еркектік намысы оянды. Бұл тіпті адам сенбейтін жәй еді… Бірақ бұл да бір табиғаттың жұмбағы. Тағының ашқарақтығын сезім құштарлығы жеңген…
Толған ай аспан төріне шықты. Бар маң сүт сәулеге бөккен. Орман үстіне сәл көгілдір тұман көтеріліп, шөптің бетіне шық түсіп, моншақтай мөлдіреп жылтылдайды. Ашық қаракөк аспанда жұлдыздар орын ауыстырып, Жетіқарақшы шөміштей иілген. Түнгі салқын самал желпіп өтеді.
Тағы болса бар дүниені ұмытып, суық мәйітті қабырғаға сүйей құшағына қыса жылытып тұр. Ыңыранып басын мәйіттің мойнына, қос анарын жаба жартылай құлаған қолаң шашына тыға гүрілдеп қояды. Өлі денемен сөйлескендей әр түрлі түсініксіз дыбыстар да шығарады. Аялай қысып аймалап, мәйітті азаптауда. Жансыз дене бәріне көнген…
Ай қақ төбеден жылыстап, бір шоқ гүлдей Үркер туды. Ай сәулесі әлсірей тарамдана түскендіктен төңірек бозамық тартты. Таң қараңғысы да жақын. Биік шың-құзды шатқал мен таулар да тыныштыққа қалғып кеткен. Бүкіл әлем көгілдірленіп, салқын самал да басылған. Тек, тырс етпес тыныштық билеген өлке.
Осы бір мүлгіген мұнарлы тыныштықта түн жамылған жалғыз салт атты қарағай арасынан шыға келіп, төбе етегіндегі алаңқайға атын бос жібере салды. Аттың ауыздығы алынған болса керек, қалың соныны аузымен ора жайыла бастады. Иесіне атының сыры белгілі секілді, аяғына тұсау да салған жоқ.
Адам аяғын сылбыр басып төбеге көтерілді. Бұл — жасы жиырманың бел ортасына жаңа жеткен аңшы Жылқышы болатын. Жасынан тауда өскен темірдей жігіт. Әкесін сонау жылдары ақ пен қызылдың қантөгісі кезінде кержақ бандылары өлтірген. Әкесі де аңшы еді. Шекарадағы асуды көрсетпегені үшін, Қызыл Кезеңдегі құз басынан құлатып жіберген.
Ол кезде бұл он сегізге жаңа толған. Мұны аңшылыққа баулыған да әкесі еді. Қайран әкенің тас-талқаны шыққан сүйегін бұл үш күннен соң тауып алды. Басы денесінен бөлініп қалыпты. Әкесінің басын таба алмады. Әлде, кержақ бандылары кесіп алып кеткенін білмеді? Бассыз мүрдені үйге әкелген. Ғазиз анасы бұл қайғыға шыдамай төсек тартып жатып дүниеден көшті… Сол күннен бастап мұның тау тағысындай аңшылық өмірі — жалғыздық өмірі басталған.
Тұман кешіп, тау асты; арқар атып, қасқырға қуғын салды.
Бірде бай ауыл Мырзанның бой жетіп қалған қызы Қызжанмен шілдеханада танысты. Сол күннен бастап Ахат Мырзан ауылына кеш түсе келіп, түн-түнегі түріле алтыбақан басынан қайтатын. Қызжанның азуы алты қарыс үш ағасы бұған аяғын тартып жүруін ескертсе де, қыз бен жігіт кездесуін қоймады. Ақыры, Жылқышы таяққа жығылды, Қызжан үйге қамалды.
Тағдырдың жазғаны ма, көп кешікпей бұл маңдағы ауылдарды қара күзендей қаптаған шешек жайлады. Шешек біреудің жалғызын алды, біреудің…, не өзіңді, не көзіңді алам деп келді. Ел дүрлігіп орта жайлауға бет бұрды. Қызжан түйе қомында Алтайдың алқызыл модағай гүліндей шешек атқан шағында дүниеден көшті. Ел-жұрт індеттен қашқандай осы төбеге сүйек жамбасы жерге тиер-тиместе жетісін өткізбестен төр жайлауға үдере көшкен.
Жылқышы Қызжан тағдырын төр жайлауда естіді. Ести сала түн қатып зиратқа тартты. Енді, міне, жалғыз айлы бейіттің батыс жақ бетінен көтеріліп, үн-түнсіз түнере қарайды ол. Қорғасындай қайғы жүрегінің басына ащы запырандай жиналып, ел айтатын “тағы жүректі” сыздатып тұр.
Зираттың күнгей қабырғасында осы төңіректегі орман тағысы сүйгенінің сүйегін қорлап тұрғанын ол әлі сезетін емес. Қайдан сезсін – бұл аң емес, адам ғой… Адам.
Тау арасына ай қорғалап батайын деді. Болмашы ғана нұр төбе мен төңірекке түскен. Жігіт есіктен зиратқа кіріп келгенінде қарсы алдынан ашылған көр қарсы алды. Ол:
— А-а-а! — деп қалай айғай салғанын өзі де сезбей қалды. Батар айдың аз-маз сәулесі есіктен қопарылған көр мен сүйеулі бөренелерге дәл түсіп тұр екен. Жігіт іштей “бісмілла! бісмілла!” деп күбірлей берді.
— Ө-ө-ұх-ұх.. .— деп гүрілдеген дауыс шықты. Ол бойын жинап алды.
Дереу мойнындағы шиті мылтықты жұлып алды, бірақ білтелі мылтықты ату кеш екенін түсініп, лақтырып жіберіп, жанын қарманды. Кіседегі қынынан бұғы-мүйіз сапты кездекті суырып алғанда аю да есіктен көрінді.
Жігіт бәрін де түсінді. Жаңа ғана бойын билеген үрей долданған ашу мен ызаға айналды. Аю адамды көргенде сескенгендей тұрып қалып, кенет гүрілдей тік тұрған қалпы аттай берген. Адам да көрден шыға келгендей тұра ұмтылды. Ахат ашумен аюдың құшағына кіре беріп, аңшыға тән жылдамдықпен төс сүйектің төмен жағынан кездекті бойлата сұғып алды. Бірақ аю да құр қалмаған. Аңшының жалпақ жауырынына бір қолдың тырнағын батырып үлгеріп, екінші қолы жігіттің шидем күпісінің шетін ұстап қалды. Жігіт сол жақ жауырынына аю тырнағының кіргенін жаны ауыра сезінсе де, жанталаса қимылдап бойлата кірген оң қолындағы кездекті қарынға қарай тартты. Қылпылдаған кездік орман тағысының қарнын шабына дейін ақтарып түсті. Бірақ аю да жанына батқаннан ба, мұның сол жақ жауырын қалақшасын бытырлата алып күшімен сығып жіберіп, жігіттің жан дауысын шығара сынған жауырынынан ұстаған қалпы алдыға лақтырып жіберді. Ахат қаңбақтай көтеріле беріп, көрдің ішіне құлап түсті. Аю өкірген қалпы шалқая мола есігінен сыртқа қарай кескен теректей гүрс етті. Көрге түскен адам есінен ауып қалған.
Ай тау арасына батып кетті. Маңай таң қараңғылығын жамылып, таңғы самал соқты. Таң самалы таусылар шақ.
* * *
Мен Жылқышы шалмен Қызжан мүрдесі орын тепкен Қызбейіт жайлауында кездестім. Жауырыны күдіс аңшы шал Қызжан тағдырын зират басында айтып берді.
Әңгіме соңында аппақ қудай ақсақал: “Е, балам-ай, Алтай тауларында мұндай оқиғалар көп-ақ. Уақыт өте келе аңыз бен шежіреге айналып жүре береді”, — деді ауыр күрсініп.
1984 жыл, маусым.