Мақтааралдықтар ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алды

0
25 Желтоқсан 2018, 17:12 260 0

Түркістан облысы, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданындағы 2037 әскери бөлімінде 2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент қаласының маңында ұшақ апатынан қаза болған шекарашыларды еске алуға арналған митинг өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, сөз сөйледі.

«2012 жылы қақаған қыстың аязында көңілімізге суық түсті. Ол — Отан қорғаған бауырларымыздың ұшақ апатынан мезгілсіз қаза болуы еді. «Тумақ сүннет, өлу парыз», сол өлім ертелі кеш бар адамның басына келетіні шындық. Қамшы сабындай қысқа ғұмырда халқына адал еңбек етіп, артқы ұрпаққа жемісін қалдырған дарабоздар қаншама? «Отанді сүю иманнан» деген аталы сөз ұлттың амандығын, елдің тыныштығын сақтауда ат үстінде ұйықтамай ұлтына қорған болатын азаматтарға қарата айтылған болса керек. Сондай азаматтарымыздан мезгілсіз айырылып қаламыз деген кімнің ойында болды дерсіз. Бұл қайғылы оқиғаны 6-шы жыл қатарынан еске алып отырмыз. Соңғы демі қалғанша елім деп еңбек еткен бауырларымыздың жандары жәннатта болғай!» – деді Бақыт Насырханұлы.

Митинг барысында аудан басшысы мен жиынға қатысушылар, жауынгерлер қаза болған шекарашылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, боздақтардың рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды.

Айта кетейік, 2012 жылы 25 желтоқсанда сағат 18:55 минут өткен кезде, Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде Астана-Шымкент рейсімен ұшқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ведомстволық ұшағы қонар алдында апатқа ұшырады.

АН-72 әуе кемесінің бортында экипаждың 7 мүшесі, 20 әскери қызметші, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы, полковник Стамбеков Турганбек Мухаметкалиевич пен Мақтаарал ауданының 2037 әскери бөлімінің бастығы, подполковник Шуканов Аманбек Пердешбекович те болған.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ