Тоқаев жаңа Үкіметке үндеу жасады

0

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 7 ақпанда Премьер-Министр Олжас Бектеновтың басшылығындағы Қазақстанның жаңа Үкіметіне үндеу жасады.

Президент Үкіметтің жеткілікті өкілеттіктерге ие болғанын атап өтті.

«Осы мүмкіндіктерді толық пайдаланыңыз, қажетті шешімдерді жедел қабылдаңыз. Бүгін мен өзекті мәселелердің кең ауқымын белгіледім, бірақ, олар одан да көп. Үкімет қойылған міндеттерді дереу іске асыруға кірісуге тиіс. Жалпы экономиканың әрбір саласында түбегейлі реформалар қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, бүгінде бүкіл әлем өте күрделі тарихи кезеңді бастан кешуде, онда мемлекеттердің алдағы жылдарға арналған даму векторы айқындалады.

«Біз уақытпен бірге жүруіміз керек — тез және батыл. Бос сөздерге уақыт бөлудің орнына нақты әрекеттер жасау және саяси жауапкершілік қажет. Әр күннің құндылығын түсіну, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық жарысында қалып қоймау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану маңызды. Табысқа жету үшін мемлекет пен қоғам өз ұмтылыстарында біртұтас болуы керек. Прогрессивті ұлт ретінде біз тек алға қарап, алыс көкжиектерге назар аударуымыз керек», — деді Президент.

фото:akorda.kz