Үкіметке мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту бойынша 550 ұсыныс енгізілді

0

Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Агенттікке мониторинг және талдау жүргізу бойынша функция жүктелгені мәлім.

2023 жылдың қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша  өткен жылы талдау сауда және интеграция, қаржы, халықаралық қатынастар, ауыл шаруашылығы, экология және табиғи ресурстар сынды 5 салалық бағыт бойынша жүргізілген.

Мониторинг қорытындысы бойынша адам қажеттілігіне және сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағдарланған, сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Атап айтқанда, олар:

— мемлекеттің қатысуы тиімсіз, квазимемлекеттік секторды қоса алғанда, 200-ден астам ұйымды тарату және қайта ұйымдастыру немесе олардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру;

— жергілікті атқарушы органдардың 70-тен астам функцияларын төменгі деңгейге түсіру арқылы оңтайландыру;

—  100-ге жуық қызмет алу кезіндегі төленетін мемлекеттік бажды және мемлекеттік органдармен салынатын бірқатар айыппұл түрлерін алып тастау;

— мемлекеттік қызметтердің 50 түрі бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялау мүмкіндігін қарастыру сынды ұсыныстар.

МҚІА басшысы атап өткендей, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша 550-ден астам кейстер дайындалды. Ұсыныстардың 152-сін іске асыру үшін заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдауды қажет етеді.

Мәселен, осындай заңнамалық бастамалар облыстық және аудандық маңызы бар қалалардағы жер комиссиясы институтын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде қызмет берушілердің жауаптылығын арттыруға және қызмет көрсету процесстері мен мерзімдерінің қысқаруына әсер етеді.

Дархан Жазықбай алдағы уақытта әкімшілік кедергілерді және бюрократиялық әуре-сарсаңның жойылуын қамтамасыз ететін арнайы заң жобасын әзірлеу қажеттілігін атап өтті. Оның айтуынша биыл сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оны бюрократиядан арылту мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.

2024 жылы көлік, өнеркәсіп және құрылыс салаларында бюрократиядан арылту бойынша талдау жұмыстары жүргізілетіндігі атап өтілді.

 

ҚР МҚІА Баспасөз қызметі