Астана процесінің артында мыңдаған адам өмірі тұр
Астана. 7 желтоқсан. KAZISLAM – Сирия қақтығысы бойынша Астана процесінің адамдарды құтқарып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл туралы «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақта болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Осы аптада АҚШ Мемлекеттік департаментінің Сирия бойынша арнайы өкілі Джеймс Джеффри «Сириядағы қақтығыстарды реттеу бойынша Астана процесі тиімсіз. Егер 14 желтоқсанға дейін Сирия конституциялық комитеті құрылмайтын болса, онда Астана процесіне нүкте қою керек» деген мәлімдемесіне қатысты не дер едіңіз?» деп сұрады бағдарлама жүргізушісі министрден. Бұл сұраққа жауап берген Дәурен Абаев сырт жағынан Сириядағы қақтығыстарды реттеу келіссөздер процесіне қатаң шеңбер қойылып отырғандай көрінуі мүмкін екенін атап өтті.
«Бірақ, 14 желтоқсанға дейін Сириядағы конституциялық комитетті құру мүмкін болмаған күннің өзінде бұл Астана форматының атқарған жұмысын жоққа шығара алмайды. Күні кеше ғана Ресей мен Түркия елдерінің сыртқы саясатының ведомстволары бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірген болатын. Мәселен, Ресей СІМ-і мұндай мәлімдемелер бейбіт процеске қарсы тараптың оң жамбасына келетінін жеткізген еді. Ал Түркия Сыртқы істер министрі өз пікірінде Астана процесінің нақты нәтижелері барын тілге тиек ете келе, мәселен, Ресей мен Түркия арасындағы Идлиб провинциясы бойынша келісімін ерекше атап өтті» деді Дәурен Абаев.
Министр ҚР Сыртқы істер министрлігі Астана процесінің қандай пайдасы болғанына қатысты сұраққа кең ауқымда жауап бергенін еске салды. «Шынымды айтсам, оны қайталаудың мәні жоқ дер едім. Алайда бұл ретте әртүрлі деңгейдегі сарапшылар мен саясаткерлер бір дауыстан Астана процесі деэскалация аумағын құру секілді өлі нүктеде тұрған мәселені шешуге үлес қосқанын айтып жатыр. Сирияның үш ауданы бейбіт өмірге қайтып оралды. Тағы бір ауданда жағдайды оңалту шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар Ислам мемлекетімен және өзге де бандалық құрылымдармен күресті күшейтуге сеп болды. Сонымен қатар, тараптар тұтқындарды өзара алмасуға келісті. Бұның да маңызы өте зор» деді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде Сириядағы соғыстан жарты миллион адамның құрбан болғанын айтып өтті. «Өкінішке қарай, әлі күнге дейін адамдар ол жақта өлім құшып жатыр. 5 миллионға тарта босқын ел аумағын тастап кетті. Әскери қақтығыстарға бір немесе екі емес, он жақтың тарапы араласып жатыр. Міне, сондықтан, ең маңызды емес деген сұрақтардың өзіне келісім табудың өзі үлкен жеңіс дегенді білдіреді. Себебі, бұл келіссөздердің артында құтқарылған мыңдаған адамның өмірі тұр. Биік мінберден тұрып, Астана процесіне топырақ шаша беруге болар, бірақ біздің дәл Астанадағы процес адамдардың өмірін құтқарып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды» деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі АҚШ Мемлекеттік департаментінің Астана процесіне қатысты сынына жауап берген болатын.