AIBA тарапынан ылғи қысым көріп келдік

0

2018 жылғы 4 желтоқсан 18:30 305

AIBA тарапынан ылғи қысым көріп келдік - Серік Қонақбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат — Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенттігіне Қазақстан атынан сайлауға түскен Серік Қонақбаев Халықаралық Олимпиада комитеті бокстан барлық сайыстарды ХОК атынан өткізуге шектеу қойылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен ең бірінші кезекте біздің республиканың бокс федерациясына алғысымды айтқым келеді. АІВА басшылығына ұсыну бойынша белсенді түрде қолдау көрсеткен Тимур Асқарұлына (Құлыбаев) рахмет. Белсенді түрде насихат жүргізе аларлықтай уақыт шектеулі болды. Бірақ, біз 48 дауыс жинадық. Менің ойымша, бұл біздің мемлекет үшін жақсы көрсеткіш. Бұл тұңғыш тарихи тәжірибе десек те болады», — деді Серік Қонақбаев Астанада өткен ҚБФ отырысында.

Серік Қонақбаев өз сөзінде Халықаралық Олимпиада комитеті бокстан барлық сайыстарды ХОК атынан өткізуге шектеу қойылғанын атап өтті.

«Бүгін комиссия құрылды. Тергеу жүргізілетін болады. Менің әріптестерім, сайыстардың күнтізбесі (келесі жылы ХОК атынан өтетін — авт.) туралы айтқан кезде әзірге бәрі де тұманды болып тұр. Менің ойымша, Тимур Асқарұлы Томас Бахпен (ХОК басшысы) кездесіп, жағдайды айқындауы керек. Бірақ, біз ары қарай күресе береміз», — деді Серік Қонақбаев.

Ол өз сөзінде қаншама қиындықтар болса да, шыдас беру керектігін айтты.

«Өкінішке қарай, біз AIBA тарапынан ылғи қысым көріп келдік. Азия ойындарында Қазақстаннан бірде-бір төреші болмады. Жұмыс бізге қарсы жүргізілді. Конгрес алдында жағдай өткір бола түсті. Бірақ, біз бұның бәрін «жұтып қойдық та», ес жиып қайта күрестік. Өкінішке қарай, әкімшілік ресурс біз жақта емес еді. Бірақ, бұның бәрі де біз үшін зор тәжірибе болды. Келешекке деген жоспар мығым. Жеңіске жетуіміз керек. Біздің боксшылар әлі әділетті қамқорлықта екенін сезінетін болады. Ешкімді соттату ойымызда жоқ. Бұл біздің дәстүр емес. Бізге шыдас беріп, жұмыс істеуге тура келеді», — деді Серік Қонақбаев.

Еске сала кетсек, Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенттігіне Қазақстан атынан сайлауға түскен Серік Қонақбаев бұған дейін өзіне қолдау білдірген барлық азаматтарға алғыс айтқан болатын. Дауыс беру Мәскеуде 3 қараша күні AIBA конгресінде өтіп, Гафур Рахимов 134 дауыстың 86-сын жинап, AIBA президенті болған еді.