Алматы облысында 8 жастағы қызды ит талап тастады — новости Казахстана
Алматы облысында 8 жастағы мектеп оқушысын ротвейлер тұқымдас ит талап тастаған. Қыз баланы көршілері үй жануарының азулы тісінен әрең деген аман алып қалыпты деп хабарлайды 31 арна.
Оқиға оқушы қыз су тасуға шыққан кезде болған. Үнемі байлауда тұратын азулы ротвейлер сол күні босанып кеткен көрінеді. Ал алдынан ит шыққанда қыздың қашуға мұршасы болмапты.
Көршілер жанұшыра жеткенше қабаған ит әбден талап тастаған. Шыңғырған қызды бірнеше адам жабылып жүріп иттің арандай аузынан әрең ажыратып алыпты.
«Нұркен деген көршім екеуміз көтеріп, шанаға салып алып, үйге жеткіздік. Сосын жедел жәрдем шақырдық», — дейді куәгер Нұрлан.
Қазір қыз бала травматология бөлімінде жатыр. Оның жағдайы орташа деп бағалануда. Ақ халаттылар итке таланған қыз ауруханада әлі бір аптадан аса болатынын айтады.
Ал тұрғындар қабаған иттің әлі де аулада тұрғанына алаңдап отыр. Ит иесі үйінде жоқ. Жаралы қыздың анасы күнде барып емге ақша сұрайды екен. Бірақ ротвейлер қожайыны жауаптан жалтарғысы келеді дейді ол.
Бес баланы жалғыз асырап жүрген әйел тәртіп сақшыларына да өкпелі.
«Арыз жаздым. Ертесі күні мен милицияларды күттім. Екі күн бойы жолыққан жоқ. Итті де іздеген жоқ, итті өзім тауып бердім», — деп күйінді Фатима Наманова.
Ал әйелдің назына қатысты жауап берген Алматы облыстық полиция департаменті ит иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырғандарын айтады. Алдағы уақытта қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін де мәлімдеді.
Дереккөз 31 арна
Еске сала кетейік, бүл Алматы облысында қайталанып отырған бірінші жағдай емес. Осыдан 12 күн бұрын Талдықорғанда 7 жастағы бала итке таланып, қайтыс болған еді.