Энергетика вице-министрі қамауға алынды | КТК
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев орынбасарының ұсталғанын растады.
Қазақстанның энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа жұмыстан кетуге өтініш жазды. Бұл туралы бүгін министрліктің басшысы Қанат Бозымбаев айтты. Шкарупа жақында ғана қаржы жымқырды деп айыпталған болатын. Үкімет кулуарында журналистер министрден орынбасарының қызметінен кеткен-кетпегенін сұрады.
«Ол жерде келісу ұзақ жүреді ғой – премьер-министрдің кеңсесі, президент әкімшілігі. Бірақ ол өтініш жазды, ал мен тиісті қолдаухатты өткен аптада премьер-министр мен президент әкімшілігіне жібердім», — деді Бозымбаев.
«Шкарупаның ұсталғанын білесіз бе?» деген сұраққа «Иә» деп жауап берді. Айта кетсек, Анатолий Шкарупа осы жылдың қазанында энергетика вице-министрі болып тағайындалған еді. Көп уақыт өтпей бас прокуратура вице-министрді ақша жымқырды деп айыптады. Белгілі болғандай, Шкарупа 2015 жылы Саран қаласының әкімі болған кезде, 215 миллион теңге жымқырған.
Дереккөз: Sputnik