Үміт Жәлеке | өмірбаяны

0

Үміт Жәлеке — 1964 жылы 18 наурызда Маңғыстау облысы, Өзен қаласында мұнайшылар отбасында туған. 1981 жылы Жаңаөзен қаласындағы № 1 орта мектепті бітіріп, «Өзенмұнайгаз» басқармасында мұнайшы болып жұмыс істеген.  Мектепте оқып жүргенде «Пионер» журналының «Жас тілшісі» болған.


Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген. Жаңаөзендегі Т.Әлиев атындағы № 1 орта мектепте, Ақтаудағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген. Шығармашылықпен жас кезінен айналысады.

Туындылары облыстық, республикалық баспасөзде 1978 жылдан жарияланып келеді. Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткен облыстық «Қызғыш құс» (2002), Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында өткен облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» (2010) ақындар мүшәйрасының жүлдегері.

«Бабамұра» баспасынан 2007 жылы «Жағалауда», 2009 жылы «Өмір жыры» атты прозалық жинақтары, 2010 жылы «Ақжарма» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 Бүгінде Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады.