8 қаңтарда қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының тағдыры шешіледі. Осы күні екінші допинг-сынама ашылады деп жоспарланып отыр, оның нәтижесі спортшының алдағы мансабына, сондай-ақ оған тиесілі чемпиондық атақтарға тікелей әсер етеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкіметтегі брифингте желтоқсан айының басында спортшының жекпе-жегінің не себепті тоқтатылғанын түсіндірген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осылай деді. Бұған дейін допингке қарсы ұйымдар Әлімханұлының қанынан мельдоний анықтағаны белгілі болып, соның салдарынан жоспарланған кездесу өтпей қалған еді.
Журналистердің тергеу барысы туралы сұрағына жауап берген министр түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, мұндай жағдай маңызды жекпе-жек қарсаңында болды. Қазір екінші сынама 8 қаңтарда ашылады деп жоспарланған. Жәнібектің командасы да, біз де екінші сынаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Барлық ақпаратты тек содан кейін ғана бере аламыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, нәтижелер шықпайынша қандай да бір санкциялар туралы айту ерте.
Сондай-ақ журналистер оң нәтиже расталған жағдайда боксшы чемпиондық атақтарынан айырылуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Министр бұл шешімді қазақстандық тарап қабылдамайтынын атап өтті:
«Егер нәтиже оң болып шықса, шешімді Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) мен халықаралық бокс ұйымы қабылдайды. Бұл солардың құзыретіндегі мәселе», – деді Мырзабосынов.
Бұған дейін желіде Қазақстанның WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-та үш титул үшін өтетін маңызды жекпе-жек алдында допинг-тесттен оң нәтиже көрсеткені туралы ақпарат тараған болатын.