Сұлтанәлі Балғабаев | өмірбаяны

0

 

Сұлтанәлі  Балғабаев 1946 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданы, Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, 1964–1966 жж. туған ауылында шопан болған. 

1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» («Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. Он жылға жуық Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған. Қазір Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Алтын бесік» журналының Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының соңғы үш құрылтайында одақтың басқарма мүшесі болып сайланған. Сонымен бірге қазір Жазушылар одағының Драматургия кеңесінің төрағасы. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызметте.

1978 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдызың жансын» атты қазақ спортшылары туралы деректі повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. Одан бергі уақытта оның «Алтын сағым» (1979), «Құм мен қызғалдақ», «Шөл» (1984), «Дала мен дария» (1988), «Красная гармонь» (1992), «Қазақтың қызыл кітабы» (1988) атты повестері мен әңгімелері, мақалалар жинақтары жарық көрген. 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша қаламгердің «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» атты екі томдық таңдамалы шығармаларының жинағы жарық көрген. 

С.Балғабаев 80ші жылдардан бастап драматургия жанрында жемісті еңбек етіп келеді. «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес» (Қазақстан Мәдениет министрлігінің жабық бәйгесінде жүлде алған), «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Жымбала, Мико және қасқыр», «Сағыныш пен елес», «Өтірік айтпайтын адам», «Әйелдер әлемі» атты пьесалары республикалық театрларда сәтті қойылып жүр. Автордың драмалық шығармалары «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз» деген атпен екі рет кітап болып жарық көрген.

Халықарлық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалдарының иегері.