Тәжірибемізбен бөлісуге даярмыз
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы еліміз үшін маңызы зор оқиға саналады. 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында Мемлекет басшысы медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатындығын атап өтті.
Біздің «Ұлттық нейрохирургия орталығында» Жолдауда айтылған негізгі тапсырмалар талқыланған отырыс өткізіліп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жоғарылату мақсатында 2019 жылы орталықта атқарылатын бірқатар жұмыс жоспары сарапталды. Өйткені алдағы жылы клиникада маңызы мен мәні астасып жатқан жаңа технологияларды енгізу жоспарлануда. Олардың қатарында орталық жүйке жүйесі ауруларын стеретаксисті қолданумен гамма пышақ құрылғысында радиохирургиялық емдеу эпилепсия кезінде хирургиялық араласулар ауқымын ұлғайту ми бағаны ісіктерінің стереотаксиялық биопсиясы сынды ауқымды, әрі халыққа өте қажет технологиялар бар.
Орталық жүйке жүйесі ауруларын стеретаксисті қолдау арқылы Гамма пышақ (Gamma Knife) құрылғысында радиохирургиялық емдеуді енгізу мидың ісіктері мен зақымданған тамырларын емдеуге мүмкіндік береді. Аталған қондырғыны қолданудың мәні ми ісіктері мен қантамыр патологияларын хирургиялық араласуларсыз, радиохирургиялық гамма-сәулелендіру жолымен емдеуден тұрады. Бұл пациенттер үшін өте тиімді әрі қауіпсіз саналады. Осы әдіспен бір науқасты емдеу шетелде шамамен 20-50 мың еуро тұратын болса, ал біздің орталықта мұндай ем жүргізуді айтарлықтай арзан ету жоспарланып, сонымен қатар оны жүзеге асыру квота шеңберінде қарастырылмақ. Бүгінгі таңда «Гамма-пышақ» нейрохирургиялық тәжірибедегі радиохирургияның жоғары дәлдіктегі «алтын» стандарты болып отыр.
Медициналық қызметтер сапасын жақсарту бойынша жүргізілетін жұмыс аясында орталық әрбір үш жыл сайын медициналық көмек сапасының жоғары стандартын растайтын JCI Халықаралық біріккен комиссиясының сертификаттауынан табысты өтіп келеді. Алда тағы бір осындай сыннан өту мерзімі таянуына байланысты JCI Халықаралық біріккен комиссиясының сертификаттауынан қайта өтуге орай 2019 жылға үлкен жұмыс ауқымы жоспарлануда.
Бұған қоса, орталықта клиникалық жұмыстан бөлек ғылыми және білім беру қызметі біріктірілгенін де атап өткен жөн. Жыл сайын орталық базасында 1500-ден аса маман, соның ішінде облыс аймақтарының дәрігерлері де қайта даярлау мен жұмыс орнында тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырады. Өйткені аймақтарда еңбек ететін мамандардың біліктілігі төмен деңгейде болса өңірлерге медициналық технологиялар «трансфертін» жүзеге асыруда қиындықтар туындайды. Ал қайта даярлаудан өткен мамандар медтехнологияларды облыстарға трансферттеудің бір кепілі. Сонымен бірге аса маңызды бағыттың бірі нейрохирургия және неврология бойынша резидентура тыңдаушыларын даярлау жұмысы жолға қойылды. Біздің клиника, әлеуетінде ғылым мен тәжірибенің өзекті тақырыптарына арналған шебер-сыныптар мен кездесулері, жас ғалымдар конференциясын жүйелі түрде өткізуге мүмкіндігі барлығы аян. Бұл жас ғалымдар үшін таптырмас алаң деп есептейміз.
Жолдауда «Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек» деп көрсетілгендей, біз орталықта қалыптасқан емдеу жұмыстары, ғылыми ізденістер мен жаңа технологияларды енгізу арқылы адам денсаулығын сақтауда атқарылған ісімізбен бөлісуге әркез даярмыз.
Серік АҚШОЛАҚОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы