Білім беруге қатысты жайттар қаралды
108 мектеп салынуда
Үкімет сағатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауларында алға қойылған міндеттерді іске асыру туралы ақпарат жария етілді.
Сенаторлар алдында баяндама жасаған Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева елімізде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 221 мың мұғалім арнайы даярлықтан өткендігін айтты. Бұл – барлық мұғалімдердің 78 пайызы. Оған қоса Елбасы тапсырмасына сәйкес аталған педагогтердің еңбекақысына 30 пайыз үстемеақы төлене бастаған.
Сонымен қатар биылғы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Оның ішінде 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда білім алуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріскен. Ал ағылшын тілінің мұғалімдерін, психологтерді 2019 жылдан бастап онлайн әдісімен оқыту көзделген.
Білім және ғылым министрлігі оқулықтардың сапасы мен мазмұнына қатысты сын-ескертпелерден де қорытынды шығарғанға ұқсайды.
– Атап айтқанда, оқулықтардың электронды нұсқалары енгізілді, пәндік және республикалық комиссиялардың құрамы білікті мұғалімдермен, әдіскерлермен толықтырылды, – деді Э.Суханбердиева.
Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, қазір оқулықтарды 4 жыл сайын қайта басып шығарудың тиімділігі талқылануда екен.
Тағы бір атап өтерлігі, биылғы оқу жылының екінші жартыжылдығынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарға Өлкетану курсы енгізілмек. Қазір оқулығы әзірленіп, жергілікті атқарушы органдар оқулықты сатып алудың қамына кіріскен.
Ал Елбасы тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу басталған. Арнайы құрылған жұмыс тобының сараптауынан соң заң жобасы қоғамның талқысына ұсынылмақ.
Сонымен қатар Эльмира Суханбердиева апатты мектептерді жою мен үш ауысыммен оқыту проблемасына да тоқталды.
– Үш ауысымдық мектептердің проблемасы экономикалық, демографиялық, миграциялық үдерістерге байланысты болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін біз жыл сайын 100-ден аса мектеп салып жатырмыз. Биыл 53 млрд теңгеге 108 мектеп салынуда. 3 жылдық бюджетте 97 млрд теңгеге 73 жаңа мектептің құрылысы қолдау тапты. Оның ішінде 50 млрд теңгеге бағаланған 34 мектеп бар. Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін 33 мектеп тұрғызылуда. Тағы 30 мектеп алдағы 3 жылда салынады. Оның 19-ы бөлінген 50 млрд теңге аясында қарастырылады. Оларды салу республикалық бюджет есебінде қолдау тапты. 41 мектеп жергілікті атқарушы органдар есебінен салынады. Ал 9 мектепті жекеменшік инвесторлардың көмегімен тұрғызамыз, – деді Білім және ғылым министрінің орынбасары.
Білім және ғылым министрлігі елімізде жекеменшік мектептердің санын арттыруға да мүдделілік танытып отыр. Қазір олардың үлесі 1,5 пайыз екен. Оның үстіне жаңадан мектеп салған инвесторлардың шығындарын өтеу мен білім беру процесін жүргізгендігі үшін мемлекеттік тапсырыс бөлу қарастырылған. Мәселен, бір оқушы үшін жылына 466 мың теңге төленсе, оның 231 мың теңгесі инвесторлардың құрылысқа жұмсалған шығынының орнын толтыруға бағытталады.
Елімізде 2020 жылдан бастап мектеп салуға қажетті қаражат өңірлерге бөлініп, соның нәтижесінде әрбір ауыл, аудан және қалалардың даму перспективаларына сәйкес мектеп салуды жергілікті атқарушы органдарға тапсыру жоспарланған.
Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ келесі жылы барлық мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге, тіпті шалғай елді мекендердегі оқу орындарына ғаламтор желісін спутник арқылы тартып беруге құлшынып отыр.
Бала денсаулығы – басты назарда
Үкімет сағатында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты деректерді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой айтып берді.
Оның мәлімдеуінше, оқушылардың тамақтану талаптарының орындалуын бақылау мақсатында төрт мыңнан аса мектептің асханасына тексеріс жүргізілген. Олардың нәтижесінде оқу орындарының асханаларында тағамдардың сақталуы мен жарамдылық мерзімінің бұзылуы, тамақтандыру орындарының санитарлық жағдайы мен күтіп ұстау талаптарының орындалмауы, ыдыстар мен тоңазыту құрылғыларының сұрыпталмауы, қызметкерлердің жеке бас гигиеналарының сақталмауы және медициналық байқаудан өту мерзімінің бұзылуы сияқты деректер көптеп тіркелген.
– Тамақтандыру орындарының иелеріне қатысты 3024 қаулы шығарылып, 67 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 291 адам жұмыстан босатылды, – деді А.Цой.
Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп «Мектеп асханасы» жобасын қолға алып, оқушыларды тамақтандыру орындарын мектеп басшылығы мен ата-аналар қоғамдастықтары арқылы бақылап отырудың жобасын әзірлеуде. Өйткені қолданыстағы заңнамаларға сәйкес санитарлардың барлық асхананы қамтып тексеруге шамалары да, құзыреттері де жеткіліксіз. Заңмен қорғанатын жеке кәсіпкерлердің жыл сайын 34 пайызы тексерістен тыс қалып келеді. Ескертусіз тексеру – заңға қайшы, ал бір ай бұрын ескертіп баруға дейін кәсіпкерлер көзге түсетін кемшіліктерін жойып үлгереді.
Шара барысында Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы тәжірибені тарату департаментінің директоры Гүлнәр Балғабаева да сөз сөйледі.
Сенаторлар да бұл талқылауларға қызу араласып, сайлаушыларын толғандырған мәселелер бойынша сауал қойды. Оның ішінде оқу үдерісіндегі өзгерістер, мектептердің қауіпсіздігі, педагогтерді қорғау, бірыңғай мектеп формасын енгізу, шағын жинақты мектептерді жабуға байланысты қызметінен босатылатын мұғалімдерді жұмыспен қамту, мектеп тағамдарының сапасы мен иіскейтін есірткі заттары және энергетикалық сусындардың таралуына байланысты балалардың денсаулығын қорғау сенаторларды толғандырған мәселелердің қатарында болды.
Заң шығару және атқарушы билік салаларының өкілдері Елбасының орта білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған іс-әрекеттердің нәтижесін жұмыс барысында пайдаланатын болады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»