Әлем бойынша мемлекеттік қарыз – 66 трлн доллар
Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігінің есебі бойынша әлем елдерінің мемлекеттік қарыз көлемі 2018 жылдың соңына қарай 66 трлн долларға (нарықтық валюта бағамы бойынша) өсіпті. Бұл 2007 жылдағы көрсеткіштен екі есеге артық және жаһандық ІЖӨ-нің 80 процентіне тең.
Айта кетерлігі, 2012 жылдан бері дамыған елдердегі мемлекеттік қарыз берешек 50 трлн долларды құраған. Десе де, бұл қаражаттың көлемділігіне қарамастан, экономикасы қалыпты елдердің қарыз алу деңгейі тұрақты саналады. Өйткені олардың алған қарызды қайтаруға мүмкіндіктері бар, бұл істе қаржылық жүйелері толықтай қалыптасқан. Ал дамушы елдердегі мемлекеттік қарыз аталған уақытта 10 трлн доллардан 15 трлн долларға жетіп отыр. Әсіресе соңғы жылдары Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка айлағында мемлекеттік қарыз едәуір артқан. Сонымен қатар Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан елдерде де қарыз алу қарқыны байқалады. Дегенмен бұл құрлықтардағы мемлекеттерге жалпы борыштың аз ғана бөлігі тиесілі. Яғни, әр өңірге 1 трлн долларға жетпейтін көлемде қаражат берілген.
Fitch тәуелсіз рейтингтерінің жаһандық басшысы Джеймс Маккормактың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік қарыз деңгейі жоғарылаған. Соның салдарынан проценттік үстеме көтеріледі, қаржылық шарттар қатаңдайды. Бұл үдеріс өз кезегінде көптеген мемлекеттердің мүмкіндігін шектейді.
Мемлекеттік қарыз алу бойынша ең сенімді елдерді анықтайтын «ААА» жоғары рейтингіне әлемнің 11 мемлекеті кіреді. Олардың үлесінде жоғарыда атап өткен 66 трлн доллардың 40 проценті тиесілі. Қарыз беруге болатын сенімді мемлекеттердің жалпы көрсеткіші 2012 жылдан бері бірқалыпты межеде сақталып отыр. «ААА» рейтингінде көш бастаған АҚШ-тың 21 трлн доллар мемлекеттік қарызы болса да, бұл сомаға жыл сайын 1 трлн доллар қосылып отырса да, Құрама Штаттар ең сенімді мемлекет саналады. Үздік үштік қатарында Жапония (12 трлн доллар) мен Қытай (6 трлн доллар) бар. Экономикасы тұрақты Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия сынды елдердің берешегі 2,4-2,7 трлн доллар көлемінде сақталған.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/