Шығыстың жастары 8 наубайхана, 7 шаштараз бен 3 құс фермасын ашты
Бұл жобаға былтыр Шығыс Қазақстан жастары тарапынан әуелі 473 өтінім түсіп, ақыр соңында соның 149-ы кәдеге жарапты. Бүгін Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен аймақтық жастар форумында осы жобаның қорытындысы щығарылды. Форум басталмас бұрын шараға келген жұрт дәліздегі көрме арқылы жоба аясында жүзеге асырылған жұмыстармен танысты. Облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекқызы әр жобаға қызығушылық танытып, жастармен пікірлесті. Өзіміз де таңғалдық. Жастардың жобалары бірінен бірі өтеді. Семейлік жас жігіт 60 ананы балаға массаж жасауға үйретіп, оқытып, қолдарына сертификат беріпті.
Зайсан қаласында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» жобасы арқылы 300 әйел адамға психологиялық-құқықтық көмек көрсетіліпті. Аяжан атты бойжеткен Глубокое ауданында 50 зейнеткерді компьютерлік сауаттылыққа үйретіпті. Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының бір бозбаласы әкімдік берген тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың аяқ киімдерін жөндеп беріпті. Алтай қаласында бір жігіт өзінің жобасы аясында мүгедек жандардың көліктерін тегін жөндеп, алғыстарына бөленіпті. Әспеттеп, таңғалып отырғанымыз, жастар осындай сауапты істері үшін бір тиын да ақша алмапты. Жобаның мақсаты да осы екен. «Жобаның нәтижесінде облысымызда сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша 37 жоба қолға алынып, 10 спорт үйірмесі, 21 тілдерді және компьютерді үйрету курсы, 14 волонтерлік жоба, 8 наубайхана, 7 шаштараз бен сұлулық салоны, 4 ателье, баларды дамыту үйірмесі, 3 кіші құс фермасы, омарта, дыбыс жазу студиясы, полиграфия және коррекциялау сыныбы, иппотерапия курсы, аяқ киім шеберханасы ашылды. Ай сайын өздерінің жобалары аясында 491 қатысушы мыңдаған шығысқазақстандықтарға тегін қызмет көрсетіп келеді. Бәлкім біреуге бұл жай ғана қарапайым сандар болып көрінетін шығар. Бірақ оның артында тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға көмек көрсетуді армандаған жастардың жеңістері тұр. Біз осы жастарға жоба кезеңінде игерген білімдері дара тұлға ретінде дамуына, көмекке зәру адамдарға пайдасын әкелуге, қаржыландыру аяқталған соң жобаны жалғастыруға көмектеседі деген сенімдеміз», — дейді аталмыш жобаның Шығыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық үйлестіруші Серік Жүнісов.
Жоба шеңберінде Шығыс Қазақстанның жастарына 260 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті, оның 130 миллионы гранттарды қаржыландыруға, 135 миллионы стипендия төлеуге жұмсалыпты. Жобаны жастарға жеткізу үшін консультанттар 4594 үйді аралап, жиыны 1631 адаммен 88 ақпараттық кездесу өткізіпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН
Сурет Насима Қорғанбекованың фейсбуктегі парақшасынан алынды
Дереккөз: http://egemen.kz/