Екі аят, бір хадиспен 2000 адамды кері қайтарған сахаба
Абдуллаһ бин Аббас… Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) батасын алған немере бауыры, ілім теңізі саналған мұсылман үмбетінің ұлы ғалымы. Тақуалығымен де тарихта ерекше із қалдырған ірі тұлға. Түнін ғибадатпен, күнін оразамен, сәресін Алладан кешірім тілеп, жалбарынумен өткізетін өте парасатты, тақуа жан еді. Құран Кәрімді терең білетін, оның жорамалдарын жақсы түсінген, сырларына қол жеткізген ариф бір жан.
Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мәдинаға көшінен үш жыл бұрын ғана дүниеге келген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) о дүниеге аттанғанда небәрі 13 жаста ғана еді. Алайда, осыған қарамастан Пайғамбарымыздың қызметінде жүріп, қаншама ілімге қол жеткізген. Бұхари мен Мүслимнің «Сахих» хадистер жинағында 1660 хадис риуаят еткені мәлім. Анасы Ибн Аббасты туа сала Пайғамбарымызға (с.а.у.) алып келіп, аузына түкіртеді. Қазақтың танымал тұлғаларға, тақуа иелеріне, ғалымдарға баласының аузына түкіртуі де осы бір сүннеттен келгені мәлім.
Бір күні Алла Елшісі (с.а.у.) дәрет алмақшы болады. Қызметінде жүрген Абдуллаһ ибн Аббас та дереу дәрет суын дайындап береді. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) ризашылығын білдіріп, намазға тұрады. Ибн Аббасқа да жанына тұруды ишарат етеді. Алайда, Ибн Аббас жанына емес, артына тұрады. Намаз біткен соң Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Абдуллаһ, не үшін жаныма тұрмадың? – деп сұрайды. Абдуллаһ та:
– Уа, Алланың Елшісі! Менің назарымда сіз сізбен қатар тұрудан да жоғары мәртебедесіз, – деп Алла Елшісінің қатарына тұруға да өзін лайық көрмей, асқан кішіпейілділік танытады. Пайғамбарымыз немере інісінің осыншалықты әдебіне риза болып, екі қолын көкке көтеріп:
– Аллаһым! Оған хикмет нәсіп ет! – деп дұға етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл батасын алған Абдуллаһ ибн Аббас ақиқатында да терең хикмет иесі болады.
Тарихымыздағы Хазіреті Әлидің (р.а.) жақтастары Хазіреті Муғауиямен (р.а.) болған түсініспеушілікте оны тастап кеткенде Абдуллаһ бин Аббастың барып, біразын кері қайтарғандығынан оның қаншалықты үлкен ғалым әрі терең хикмет иесі екендігін көруге болады. Осы оқиғада Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) Хазіреті Әлиге (р.а.) келіп:
– Мүминдердің Әміршісі! Рұқсат берсеңіз, сізден бөлініп кеткендермен барып сөйлесіп келейін! – дейді.
– Олар саған қастандық қыла ма деп қорқамын, – дейді Хазіреті Әли немере бауырының өміріне алаңдап.
– Алла қаласа, бізге ештеңе бола қоймас, – деп Хазіреті Әлидің рұқсатын алып, әлгі топқа барады. Әлгілер де Ибн Аббасты қарсы алып:
– Қош келдің, Ибн Аббас! Не үшін келдің? – деп сұрайды.
– Сендермен сөйлесуге келдім, – дейді Ибн Аббас. Әлгі жерден табылғандардың кейбіреуі:
– Онымен сөйлеспеңдер! – деп қарсылық танытады. Кейбіреуі «Оны тыңдайық» деседі. Абдуллаһ та сөз алып:
– Алла Елшісінің (с.а.у.) немере бауыры, күйеубаласы әрі оған иман еткендердің алғашқысы болған адамға не үшін ашулысыңдар? – деп сұрады.
– Үш нәрсенің себебінен ашулымыз! – деп жауап берді әлгілер.
– Не екен ол үш нәрсе?
– Біріншісі: Алланың дінінде адамдарды үкім беруші етіп тағайындағанына. Екіншісі: Айшамен және Муғауиямен соғысып, еш олжа да, тұтқын да алмағанына. Үшіншісі: мұсылмандардың оған қол тапсырып, өздеріне әмірші етіп тағайындағанына қарамастан «Мүминдердің әміршісі» деген лақапты қолданбауына, – деп жауап береді. Сонда Абдуллаһ:
– Егер сендерге Алланың кітабынан аят және Пайғамбарымыздың хадисінен қарсылық таныта алмас дәлелдер келтірсем, алға тартып отырған көзқарастарыңнан бас тартасыңдар ма? Не дейсіңдер? – деп сұрайды.
– Жақсы, солай-ақ болсын, – дейді. Сол кезде Абдуллаһ ибн Аббас:
– Ендеше әуелі «Хазіреті Әли Алланың дінінде адамдарды үкім беруші етіп тағайындады» деген сөздеріңе келсек: Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! (Қажылық немесе ұмра жасау ниетімен) «ихрамға кіргендеріңде» аңдарды өлтіруші болмаңдар. Араларыңнан кімде-кім «ихрамға кіргеннен кейін» қандай да бір аңды қасақана өлтірсе, істеген күнәсінің сазайын тарту үшін оған жаза беріледі. Жазасы – өлтірген аңына пара-пар келетін, Қағбаға тарту ретінде жеткізілетін құрбандық мал болады. Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады» («Мәида» сүресі, 95-аят), – дейді. Құдай үшін, айтыңдаршы енді, адамдардың қандары мен жандарын қорғау үшін, араздасқандарды татуластыру үшін үкім шығарушылар тағайындаған дұрыс па? Жоқ, әлде құны төрт дирхам ғана болған қоян үшін тағайындалған үкім шығарушылар ма? – дейді. Сол жерде отырғандардың бәрі Құраннан келген бұл дәлелге бірауыздан:
– Әрине, мұсылмандардың қандарын қорғау және татуластыру үшін тағайындалған үкім шығарушылар… – деп жауап береді.
– Енді бұл мәселе шешімін тапты ма? – дейді Ибн Аббас. Отырғандар да:
– Иә, – деседі.
– Енді «Әли соғысты, алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді тұтқын алмады» деген сөздеріңізге келсек: Аналарың Айшаны тұтқын етіп, оны өздеріңе халал етуді қалайсыңдар ма? Егер «Иә!» десеңдер, кәпір болғандарың! Ал егер Айшаны «анамыз емес» десеңдер, онда тағы да кәпір болғандарың. Себебі, Алла Тағала: «Пайғамбардың мүміндердегі ақысы һәм оларға деген жанашырлығы, олардың өз ақыларынан әрі жанашырлығынан әлдеқайда артық, сондай-ақ (пайғамбар мүміндерге өз әкелеріндей, тіпті, одан да артық болғандықтан) оның жұбайлары да мүміндердің аналары болып табылады», – дейді («Ахзаб» сүресі, 6-аят). Осыдан кейін ендігі таңдау өздеріңде! Бұл да тәмәм болды ма? – дейді. Отырғандар да:
– Иә, – деседі.
– Енді Әли өзінен «Мүминдердің әміршісі» деген сөзді алып тастады дегендеріңе келсек: Алла Елшісі (с.а.у.) Худайбияда мүшриктермен жасасқан бейбітшілік келісімінде «Бұл Алланың Елшісі Мұхаммедтің жасаған келісімі» деген сөйлемді жазарында мүшриктер: «Біз сенің Алланың Елшісі екеніңе сенгенімізде сені Қағбаны зиярат етуден тоспас та едік, сенімен соғыспас та едік. Сондықтан да тек «Абдулланың ұлы Мұхаммед» деп қана жаза аласың», – дейді. Алла Елшісі де: «Уаллаһи! Сендер мені жалғанға шығарсаңдар да күмәнсіз мен Алланың Елшісімін!» – деп олардың талаптарын орындайды. Енді бұған не дейсіңдер? Бұл да осымен шешілді ме? – дейді Ибн Аббас. Әлгі жердегілер де:
– Иә, деп жауап береді.
Міне, Ибн Аббастың осындай парасат иесі болғандығынан, аузынан хикмет пен ілім төгілгендігінен 2000 адам Әлидің қатарына өтеді. 4000 адам тоңмойындық, қырсықтық танытып, ақиқаттан жүзін бұрып, дұшпандықтарында қала береді. Бұлар да сол кездегі харижиттер еді.
Демек, ілім сөзге тоқтай білгендерге қашан да тосқауыл болады. Ал надандарға дауа жоқ. Ендеше Алла Тағала бізді де хикмет және іліммен нәсіптендіріп, надандықтан сақтасын! Ал Абдуллаһ бин Аббасқа разы болсын!
Ибн Аббас 70 жыл өмір сүреді. Өзі де өмір бойы есігінен адам арылмаған, тәпсір, фиқһ, Ислам тарихы, Араб тарихы, әдебиет секілді пәндерден қаншама шәкірт тәрбиелеп шыққан үлкен университет еді.
Салтан САЙРАНҰЛЫ
Дереккөз: http://kazislam.kz/