Қазақстан Сириядағы азаматтарын қайтару операциясын жалғастырады

0

Сыртқы істер министрлігі мен өзге де органдар Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау операциясын жалғастыра береді. Бұл туралы 21 қаңтарда министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Бұл операция кезінде 1-5 жас аралығындағы балалар басты назарда болды. Олардың көбі Сирия аумағында дүниеге келген» деді ол.

Бұған дейін 9 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралғанын мәлімдеген.

Associated Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ қолдайтын күрдтердің Сирия демократиялық күштері Қазақстанның ондаған азаматын еліне берген. Олардың бесеуі – ДАИШ сапында соғысқандар.

2018 жылы шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық