Ақтөбе-Атырау тас жолының бойында орналасқан аумақ күрделі жөндеуден өтіп жатыр

0

Мақат — елдімекендерінің саны жағынан облыстағы ең шағын аудан. Соңғы жылдары айтарлықтай инвестиция тартып отыр. Өткен жылы негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 11 млрд 853 млн теңгеге жетті. «Былтыр ауданда 26 320 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Экономиканың барлық секторларында 1730 жұмыс орны құрылды, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,1 % жоғары»,-деп атап өтті аудан әкімі Жұмабай Қарағаев халыққа есеп беру жиынында.

Өңірдегі жаңалықтың бірі — Қарабатан станциясында «Сұйылтылған көмірсутегі газын қабылдау, сақтау және жүктеу» жобасын жүзеге асыру бойынша жобалық жұмыстарды жүргізу жоспарланып отыр. Жобалау жұмыстары 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады.

-Жобаны, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру кезінде 500 жұмыс орны ашылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кешенге жыл сайын 750 мың тонна сұйылтылған көмірсутегі газы түседі деп күтілуде. Жобаны іске асыру аудан бюджетін 700 млн теңгеге толықтыруға мүмкіндік береді, — дейді аудан әкімі.

Ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өту керек. Биыл Доссор поселкесінде 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталады. С.Шәріпов атындағы мектеп-интернат пен Л.Шахатов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Доссорда 5,8 км автожол, 3,4 км жолаушылар жолы жөнделеді. Биыл Доссорда 100 орындық санаторлық типтегі балабақша пайдалануға беріледі. 280 орындық балабақша салынады. Қазір аудан бойынша балабақша кезегінде 800 бала тұр. Үш балабақшаның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Осындай жұмыстар Мақатта да қолға алынады. Өткен жылы басталған поселкедегі тазарту қондырғысының құрылысы биыл аяқталады деген жоспар бар. Аудан басшысы осы арқылы экологиялық проблемалар шешімін табатынын айтты. Бүгінге дейін барлық кәріз қалдықтары тазармаған күйінде булану алаңына құйылып келеді.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аудандық қорғаныс істері бөлімі мен санаторлық типтегі «Шапағат» балалар бақшасына да барды. Аудандық қорғаныс істеру бөлімінде облыс әкімі жақын арада жаңа ғимарат құрылысы басталатынын атап өтті. «Қазір аудандық қорғаныс істері бөлімдеріне жаңа ғимарат салудың типтік жобасын жасап жатырмыз. Бірінші нысан Махамбет ауданында салынады, кейін басқа аудандарда да жалғасады», — деді Нұрлан Ноғаев.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өзгеріс байқалады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы да жақсы дамып, саладағы жалпы өнім 749,8 млн теңгеге өсті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.

Дереккөз: http://egemen.kz/