«Эксимбанк Қазақстан» АҚ мәжбүрлі түрде таратылды
Банктің салымшылары ақшасын қайтарып алу үшін 4 ақпаннан бастап өтініш жаза алады
АСТАНА, 17 қаңтар— Sputnik. «Эксимбанк Қазақстан» акционерлік қоғамын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Салымшылардан өтініш қабылдау және өтемақы төлеу алты ай ішінде – 2019 жылдың 4 ақпанынан 4 тамызға дейін жүргізіледі.
«4 ақпанға дейін «Қазпочта» АҚ-тың филиалдары мен бөлімшелерінің «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың салымшыларынан өтініштер қабылдауға, оларды қарауға және өтемақы төлеуге құқығы жоқ», — деп хабарлайды Ұлттық банк.
4 тамызға дейін Қазпоштаға бармаған салымшылар агенттік келісім аяқталған соң Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына өтініш жазып, ақшасын алуына мүмкіндік бар.
Ұлттық банктің хабарлауынша, жеке тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің салымдары, ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақша депозиттерге кепілдік беру қорынан сыйақысы ескеріле отырып өтеледі. Бірақ ол депозиттер бойынша кепілдіктің ең көп сомасынан аспауы керек:
- ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 миллион теңге;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңге;
- бір уақытта теңге және шетел валютасында ашылған депозиттер бойынша 15 миллион теңге.
Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді. Өтемақы сомасын есептеу үшін 2019 жылғы 16 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы пайдаланылады.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/