Баяндама «Отбасы мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы
Ұстаз тілегі сайтында материал жариялап тегін сертификат, алғыс хат және құрмет грамотасын алуға болады. Ол үшін сайтқа тіркеліп материал жариялау керек. Сайт бойынша барлық сұрақтарды 8-771-234-5599 номеріне ватсап арқылы қоюға болады
Баяндама «Отбасы мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы — адамгершілікті ұрпақ тәрбиелеу негізі»
Автор: Маханалина Багдагул Разакбергеновна
Бағыты: Сынып жетекші Бөлімі: Баяндамалар, реферат Сыныбы: Барлық сыныптар
Жарияланған уақыты: 2019-01-16
Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл баяндамада бала тәрбиесі туралы көбірек айтылады. Отбасы мен білім беру ұйымдарының арасындағы ынтымақтастық соның бірден дәлелі болмақ. Адамнершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу — әрқайсысымыздың басты міндетіміз. Жас отбасыларына, жас мамандарға қажет деп ойлаймын. Жалпы бала тәрбиесімен айналысатын барлық әріптестеріме көмегі тиер деген ойдамын.
Бала – отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі болғандықтан да, тәрбиенің негізі осы кішкентай нәремте кезінен басталуы керек. Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеден – ақыл, анадан — мейірім», «Баланың бас ұстазы – ата-анасы » деген сөздер тегін айтылмаса керек. Соған орай ұлттық тәрбие де бесіктен басталуы керек. Отбасындағы ата мен әженің, әке мен шешенің, апа-қарындас, аға-інінің бір-бірімен күнделікті өмірдегі қарым-қатынасы, бір-біріне көз қарасы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы – ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы емес пе?! Баланың ата-ананы, жасы үлкенді, құдайы қонақты сыйлауы, үлкенді аға тұтуы, іні-қарындастарына қамқоршы болуды, қайырымды, бауырмал болуы отбасындағы көрегенділікке, көрген-білгенін есте сақтап тәлім алуына, үлгі-өнеге тұтуына байланысты болады. Халқымыз жас ұрпақты тәрбиелеуде даналық сөздерге көп назар аударған. Соған орай оларды көп оқытып, «Баланы сүйсең, тәрбиесін сүй», «Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбиелеп баптау жетілдіреді» деген даналық сөздер баланың әке-шешесінен алатын тәрбиесі қандай болса, көп жағдайда оның өмірі де соған қарай құралады деген ойды аңғартады. Өмірде әрбір адам үшін өз отбасының орны ерекше. Ойшыл, ғалым Жүсіп Баласағұн «Ата-анадан өсіп ұрпақ таралған, жақсы, жаман болса бала – солардан» деп бала өміріндегі ата-ананың рөлін тамаша көрсетіп берген. Отбасындағы жақсы қарым-қатынас баланы жалпыадамзаттық құндылықтарды түсінуге жетелейді, өмірдің қыр-сырын танытады, жауапкершілікке, адалдыққа, ойшылдыққа, әдептілікке баулиды. Тәрбиелі білім – қазына, тәрбиесіз білім – қасырет екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан кез-келген сатыда тәрбиелі білім беру – міндетіміз. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында ұлттық салт-дәстүр, рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыта тәрбиелеуді дамытамыз. Бала тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес, тәрбие отбасынан басталады, мектеппен біте қайнасады, өмір бойы жалғасады. Сондықтан бала тәрбиесінде білім беру ұйымдары мен отбасының ынтымақтастығы жақсы адам тәрбиелеудің ең тиімді жолы екенін тәжірибе дәлелдеп отыр.Балаларды тәрбиелеу ісінде табысқа жетудің шешуші шарттарының бірі тәрбие ошақтарының отбасымен байланысы болып табылады. Бұл бірлестікте жүзеге асырылған іс-әрекеттер тәрбиелік іс-шаралардың ықпалының бірлігі мен үйлесімділігі нәтижесінде жемісті болмақ. Бұл ынтымақтастықтың мақсаты – мемлекет пен отбасы мақсаттарының өзара сәйкес келіп, өзін-өзі танып үйлесімді дамыған азаматтар қалыптастыруға ықпал ету.Балаларды тәрбиелеудегі ынтымақтастық балалар бойында жақсы мінез-құлық дағдылардың қалыптасуын қамтамасыз етіп, барлық іс-әрекеттің бір ізді, жүйелі жүруіне негіз болады. Рухани-адамгершілік білімнің нәтижелі болып, қоғамның және оның әрбір мүшесінің ізгіленуі үшін бұл істің жүйелі, бірізді жүргізілуі керек. Сол себепті білім беру жүйесінде де рухани-адамгершілік білім барлық білімнің, іс-шаралардың, тәрбие жұмыстарының, ата-аналармен байланыстың негізгі өзегі болуы тиіс. Жас ұрпақты өмірге дайындауда жаңа сапалық белгілер қалыптасып, дербестік дамыту, кәсіптік бағдар, білім алу және өздігінен білім алу, қабілеттерді анықтау және дамыту сияқты мәселелерге ерекше маңыз бере бастады. Мектептің және отбасының тәрбиелік қызметінің біртұтастығы мектептің мақсатты түрде жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Ал бұл нәтиже қазіргі заманғы білім беру мекемесіне қойылатын басты талаптардың бірі.Белгілі педагог В.А. Сухомлинскийдің еңбектерінде «мектептік-отбасылық тәрбие» ұғымы кең қолданылады. Оның пікірінше, тәрбиені мектептік немесе отбасылық деп қарастыруға болмайды, өйткені бала тұлғасы біртұтас және оны қалыптастыру үдерісінде мектеп жетекші рөл атқарады. Мектеп – отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңітеді және дамытады. Осы бағытта педагогикалық ағарту жұмыстарын жүргізеді, қоғамдық және мектептен тыс ұйымдардың мектеп пен отбасына белсенді түрде көмек көрсетуін ұйымдастырады және бағыттайды, олардың әрекеттерін ұйымдастырады.Отбасы мен білім беру ұйымдары жұмысының формалары мен маңызын қарастыратын болсақ, отбасымен жұмыстың жеке-дара формаларына әңгімелесу, кеңес беру, отбасына бару, кейбір жекелеген ата-аналарды жеке-дара мектеп, балабақша жұмыстарына қатыстыру істері кіреді. Бұл істердің қайсысы болса да алдын ала ойластырылған, мақсатты болып, педагогтың жақсы дайындығымен қатар, ең алдымен ізгі, таза ойда болуы, яғни тәрбиелемес бұрын, баланы сүю, жақсы көру, сыйлау маңызды екенін түсінуі маңызды. Отбасымен жұмыстың жеке дара формасымен қатар ұжымдық формасын да пайдалануға болады. Ұжымдық формаға топтық және жалпы жиналыстар, топтық кеңестер, конференциялар мен тренингтер, кештер жатады. Ұжымдық формадағы жұмыстың көздеген мақсаты – ата-аналарға педагогикалық, психологиялық білім беру, бала тәрбиелеуде түрлі кеңестер ұсыну. Мектебімізде осы аталған жұмыс формаларының дені бір жолға қойылған. Жоспарланған ашық есік күндері мен ата-аналармен жүргізілетін сыныптан тыс шаралар да үнемі ата-аналардың аса қызығушылығымен өтетінін мақтанышпен айта аламыз. Ата-аналардың қызығушылығы балаларының да жауапкершілігін арттыра түсетіндей. Анасының, әкесінің сабағына немесе қайда болмасын бір іс-шараға қатысуы бала үшін үлкен мерей. Бала оны мақтанышпен айтып жүреді. Ал белгілі себеппен келе алмай қалса, бала ол үшін қынжылады. Ата-анасының қалайда қатысқанын қалайды. Ата-аналарға арналған рухани-адамгершілік мазмұндағы кештерді ұйымдастыру жақсы және жемісті нәтиже береді. Ата-аналарға кештердің тақырыптары алдын ала берілуі керек. Себебі, олар сол кештің тек қана тыңдаушысы емес, көрермені емес, белсенді қатысушысы болуы керек. Оқу мен тәрбие – егіз, оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» десе, ал В.Белинский «Бала тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі» деп айтып кеткен. Бүгінгі бәсекеге қабілеттілікті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделеді. Балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру күрделі де жауапты міндет екендігі бәрімізге мәлім. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. «Отбасы – адамның өте маңызды, өте жауапты ісі. Отбасы өмірді кемеліне келтіреді, отбасы бақыт әкеледі, бірақ әрбір отбасы, ең алдымен мемлекеттік маңызы бар зор іс болып табылады» деген анықтамаға сүйене отырып, отбасы – қоғамның маңызды буыны, кішігірім ұжым ретінде бала тәрбиесінде шешуші рөл атқарады деген тұжырымға тоқтам жасауға болады.Білім беру ұйымдарында адамгершілікті ұрпақ тәрбиелеудің нәтижелі іске асуы мектеп пен отбасының ынтымақтастығына байланысты. Мектеп пен отбасының бірлесіп, ынтымақтастықта жұмыс істеуі, балалардың үйлесімді дамуына оң ықпал етеді.Данышпан Абай былай дейді: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі — құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Бала – әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату – кезек күттірмейтін келелі мәселе. Осы мәселеге ата-аналар мен ұстаздар қауымы болып бірге атсалыссақ, алар асуымыздың биік, елдігіміздің мәңгі баянды болары сөзсіз.
Әдебиеттер тізімі:
- Сара Алпысқызы. «Өмір әдебі» Алматы. 2001 жыл
- «Адамгершілікке тәрбиелеу әліппесі» оқулық. Аударғандар:Б.Аманғалиев, Е.Әбділдина, Т.Жанаев. Алматы. «Мектеп» 1988 жыл
- «Мен — адамммын» әдістемелік құрал. Алматы. 2000 жыл
- Аринова Г.К. Жаңа мектепте тәрбие жұмысын ұйымдасытрудың кейбір мәселелері\ Жаңа мектеп, №2, 2010 жыл
- «Өзін-өзі тану. Самопознание.kz» журналдары
Материалды сайттан тегін жүктеу
Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.