Бұл бізге сабақ болады — Абаев Қарағандыдағы оқиға жөнінде — Ел жаңалықтары

0

Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы (10 қаңтардағы эфир) «Открытый диалог» бағдарламасындағы сұхбатында Қарағандыдағы оқиға туралы пікірін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бағдарламада министрге мынадай сұрақ қойылды: «Неліктен билік ұзақ уақыттан бері үндемей отыр, неліктен ІІМ-нің баспасөз жиыны бір аптадан кейін бірақ өткізілді және ресми ақпараттың шұғыл берілмеуі қаңқу сөздерге толы вакуумның пайда болуына себепші болады деп ойламайсыз ба?»

Дәурен Абаевтың жауабы: «Менің ойымша, бұл қайғылы жағдай бізге сабақ болады, оның арасында қоғаммен байланысты ұйымдастыру мәселесі де бар. Резонанс жағдайлар кезінде азаматтардың сол оқиғаға қатысты ақпарат алуға құқылы екенін біз жақсы түсінеміз.

Алайда біз мынаны түсінуіміз керек, оқиғаның мән-жайын, күдіктілерді және басқа да ақпараттарды анықтау үшін белгілі бір уақыт керек. Дәл осы жағдайда оқиғаға қатысқандардың саны ондаған болды, олардың барлығы түрлі қалада жасырынып жатты. Басты күдіктілердің бірі тіпті ел шекарасынан асып кетті, полиция барлық облыс бойынша тергеу амалдарын жүргізді, сонымен қатар, Ресейлік әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеді және әлі де істеп жатыр.

Жаңалықтардан білетіндеріңіздей, қашқын ұсталды, демек біздің полиция барлық шұғыл шараларды барынша тиімді атқарды. Әрине, ақпараттандыру кешіктірілді. Кейбір деректер тергеу мүддесіне байланысты жарияланған жоқ, бірақ ең бастысы бұдан нәтиже еш бүлінген жоқ».

Еске салайық, мұның алдында Қарағандыда жаңажылдық түнде мейрамханада болған төбелестен ер адамның қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Өңірдегі полиция өкілдерінің мәліметінше, 1 қаңтарда қаладағы мейрамханалардың бірінде зорлық белгілері бар 23 жастағы жігіттің денесі табылған. Осы уақытта әр түрлі дене жарақатын алған үш жігіт (24-27 жас аралығындағы жігіттер) медициналық мекеменің көмегіне жүгінген.

Сәрсенбі, 9 қаңтарда Қазақстан ІІМ криминалдық полиция қызметкерлері Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Омбы облысының территориясынан Қарағандыда 1 қаңтарға қараған түні бұзақылық әрекет жасады және адам өлтірді деген күдікке ілінген армениялық Нарек Гурурянды ұстады. Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр. Нарек Гурурян 1997 жылы туған, оған 3 қаңтарда халықаралық іздеу жарияланған.

Ол бұған дейін видео арқылы үндеу жолдап, төбелеске қатысқанын мойындап, бірақ ешкімді өлтірмегенін айтқан еді.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz