Барлық жағдай жасалған | «Айқын» газеті
БҚО Зеленов ауданы Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өткен ғасырдың орта тұсынан бері жұмыс істеп келеді. Ерекше күтімдегі балалар тәрбиеленіп, ем-дом шаралары жасалатын мекемеде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.
Жаңа жыл қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшілері арнаулы мекемеге арнайы барып, балаларға демеушілердің қолдауымен дайындалған сыйлықтарды табыс етті.
Бұл орталықта 59 бала ем-дом қабылдап тәрбиеленуде. Оның 29-ы тек жататын балалар болса, қалғаны жүріп-тұра алатындар санатында. Мекемедегі тәрбиеленушілерге 184 дәрігер мен оқытушы және әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Арнаулы орталықта қосымша үйірмелер мен спорттық залдар қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
6-сынып оқушысы Данияр Меңдіғазиев ән айтуды ұнатады. Түрлі байқауларға да қатысып, жүлделі оралып жүр.
– Маған ән айтқан ұнайды. Ән айтып жүргеніме алты жыл болды. Астана қаласында, өзіміздің Орал қаласындағы сахналарда ән айттым. Мектеп бітіргеннен кейін оқуымды жалғастырып, әнші болғым келеді, – дейді Данияр.
Орталық балаларды емдеп, тәрбиелеуге барлық жағдай туғызған. Осы мекемеге «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетекшілері арнайы барып, мерекемен құттықтады. Орталықтың жай-күйімен танысып, сыйлықтар табыс етті.
– Қазіргі таңда 20 партиялық жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – «Кедергісіз келешек» жобасы. Осы жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға көмек көрсетіп тұрамыз. Бүгін осы мереке қарсаңында арнайы мекемеге балаларға бір ерекше көңіл күй сыйлау үшін келіп отырмыз, – деді «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің жетекшісі Мирас Тұяқбаев.
Әбілмансұр ЖАСАН
Дереккөз: Айқын