Жыл қорытындысы: 80 заң қабылданды

0

Меншік құқығын қорғау күшейтіледі

Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сының кейбір консти­туциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бо­йынша өзгерістер енгізу туралы» конституциялық Заңды қабылдады. 

Заң Қазақстан Республикасы През­и­дентінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасының әкімшілік-аумақ­тық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында әзір­лен­ген болатын. Заңда «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судъяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға түзетулер енгізу көзделіп отыр. 

Депутаттар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақ­стан Республикасының әкім­ші­лік-аумақтық құрылысы және көлең­келі экономикаға қарсы іс-қи­мыл мәселелері бо­йын­ша өзгертулер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Түзетулер 11 кодекс пен 44 заң­ға енгізіледі. Мәселен, Салық кодексінде 2020 жылғы 1 қаңтар­дан бастап Шымкент және Түркі­стан қалалары үшін салық мөл­шер­лемелері өзгереді. 

Сенат жан-жақты талқы­лау мен бірқатар сын-ескертпе­лер­ден кейін «Қазақстан Республи­ка­сы­ның кейбір заңнамалық акті­леріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл құжатта 42 заңға, оның ішінде 11 кодекске түзету енгізу көзделіп отыр. 

Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, заң жобасы Елбасының меншік құқығын қорғауды күшейту бо­йынша тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Осы орайда құжатқа енгізілген өзгер­ту­лер төрт топқа жіктелген. 

– Біріншісі, банктік қарыз шарттары бойынша түзетулер. Мәселен, банктерге кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес банктік қарыз беру шарттары бойынша, сондай-ақ банктік шотқа қарыз есептеуге, банктік шотты жүргізгені үшін комиссия белгілеуге және алуға шектеу қою көзделген. Аталған операциялар несиелеу процесінің құрамдас бөлігі болғандықтан, олар бо­йынша жеке тұлғалардан комиссиялар алынбауы тиіс. Екіншіден, жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға оның нарықтық баға құнымен немесе басқа да жер учаскесін беру шарты сақталған кезде ғана жол беру ұсынылып отыр. Үшіншіден, прокурордың құзыретіне зерделеуге жататын мәселелердің тізбесіне ықтимал тәркілеу үшін негіз болып табылатын мүлік қылмыспен байланысты ма, әлде жоқ па деген мәселені қарастыру ұсынылады. Төртінші топ мұрагерлік, нотариат, ЖШС қатысушыларының үлестерін бөлу және заңды талаптарды тіркеудің кейбір мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды, – деді М.Бекетаев. 

Жалпы отырыста сенаторлар Қазақстан мен Хорватия арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық келісімді және оған Хаттаманы, сондай-ақ Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өнді­ріс­тік қуаттарының ынтымақ­тастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. 

Отырыс барысында сенаторлар Үкімет атына депутаттық сауалдарын жария етті. Атап айт­қанда, сенатор Дариға Назар­баеваның сауалы мемлекетке тән емес міндеттерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге қатысты болды. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуын тергеуге байланысты алаңдаушылық білдірді. 

Міндет айқын, жоспар анық

Жалпы отырыстың соңында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың қоры­тын­дыларын жариялады. Оның айтуынша, еліміз үшін жетістік­терге толы 2018 жыл тарихымызда өзінің лайықты орнын алатыны сөзсіз. 

– Біз осы жыл ішінде Прези­дент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен бар­ша халықпен бірге мемлекет өмірінде орын алған қоғам­дық-саяси маңызы зор оқиға­лар­дың қатысушысы болдық. Халық­тың өмір сапасын жақсарту жолын­дағы Елбасының теңдессіз бас­там­аларын іске асыру жұмы­сына белсене қатыстық. Биыл еліміз әмбебап әрі баламасы жоқ әлемдік ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жал­ғастырып, Кеңестегі төр­ағалық қызметін абыроймен ат­қар­ды. Бұл – Елбасының әлем­дегі биік беделінің айқын көрінісі, – деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы өз сөзінде елор­дамыз – Астананың 20 жыл­дығы абыроймен аталып өткен­дігіне тоқталды. Оның пайымдауынша, Астана – әлемдегі ең табысты геосаяси жобалардың бірі. Сондай-ақ халқымыздың ұлттық идеясының көрінісі. 

Қ.Тоқаев жыл қорытындысын шыға­ра отырып, Президент Пар­ламент пала­та­ларының бір­лескен отырысында жария­ла­ған Бес әлеуметтік бастамасы мен биыл­ғы қазан айындағы Қазақ­­стан халқына Жол­дауында хал­қы­мыздың әл-ауқатын арт­­тыруға және өмір сапасын жақ­сар­туға бағытталған ауқымды стра­тегиялық міндеттерді белгі­легендігін атап өтті. 

– Жолдауға сәйкес, ең алдымен қазақ­стандықтардың кіріс деңгейін арттыру шаралары қолға алынды. 2019 жылғы 

1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге арттырылады, зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ком­муналдық қызметтердің тариф­тері төмендетіледі. Осы жылы Каспийдің құқықтық мәр­те­бесі бойынша 5 мемлекет 20 жылдық келіссөздердің нәти­жесінде арнайы конвенцияға қол қойды. Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесін анықтау жөнін­дегі конвенцияны ратифи­ка­циялауға қатысты заң жобасын палатамыз жаңа жылда қарайды, – деді Сенат Төрағасы. 

Палата Төрағасы «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы­ның маңызына, бүкіл түркі жұртының рухани орталығы Түр­кі­стан қаласына облыс орта­лығы мәрте­бесінің берілуі – Елбасының ел мерейін арттыр­ған стратегиялық әрі тарихи шешімі болғандығына, «Діни көшбасшылар қауіп­сіз әлем үшін» тақырыбына арнал­ған Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лерінің кезекті VI съезі жоғары деңгейде өткендігіне ерекше тоқталды. 

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша қоғам мен әлем жұртшылығының назарын аударды және бірегей туынды ретінде қабылданды. Тамыры тереңге бойлаған мақалада біздің ұлттық тарихымыздың мән-маңызы, оның әлем тарихындағы орны мен жаһандық өркениетке тигізген ықпалы жан-жақты сарапталды, – деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, жалпы, биыл Парламент 80 заң қабылдаған. Оған қоса, қабылданған заңдардың 30-ға жуығы Елбасының нақты тап­сыр­маларын орындауға бағыт­талған. 

– Сенаторлар заң жобалары­ның басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін атап өту қа­жет. Сенат депутаттары қоға­мы­мыздағы ең өзекті мәселелер бойынша Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады. Биыл палата заң шығару жұмысымен қатар парламенттік қызметтің басқа да бағыттары бойынша өте белсенді жұмыс істеді. Біз осы жылы өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өткіздік. Олардың ішінде парламенттік бақылаудың тиімді формасы болып табылатын парламенттік тыңдаулар өтті. Өткізілген 4 парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Олардың орындалу барысы комитеттердің ұдайы бақылауында болады, – деді Сенат Төрағасы. 

Қ.Тоқаевтың айтуына қара­ғанда, пала­таның халық­ара­лық қызметінің күн тәртібі әдет­тегідей ауқымды әрі маз­мұнды іс-шараларды қамтыды. 

Шетелдермен екіжақты және көпжақты негізде парламент­аралық байланыстарды терең­детуге ерекше мән берілген. 

Осылай дей келе, Қ.Тоқаев 2019 жылға белгіленген мақсат-міндеттерді де атап өтті. 

– Алдағы 2019 жылы біз­дің алдымызда жүйелі түрде жүр­гізілетін күрделі жұмыстарды атқару міндеті тұр. Елбасының тап­сырмаларын орындауға ба­ғыт­талған маңызды заң жоба­ларының тағы бір топтамасы күтілуде. Сондықтан заң шы­ғар­машылық жұмысымыздың қарқыны арта түсетіні анық. Жалпы, жаңа жылдың басында Парламентте 50-ден аса заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіледі. Олардың 10-ы Сенатта, ол заң жобаларын қаңтар-ақпан айларында қарау жоспарланған. Жаңа 2019 жыл – еліміздің қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін ерекше жыл болмақ. Елбасының ұсынуымен 2019 жыл мемлекетіміздің қуатты тірегі, жарқын болашағы – жастарға арналатын болды, – деді палата Төрағасы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Жастар жылы шеңберінде жастарға пайдалы білім беру, жұ­мыспен қамтамасыз ету, қолайлы әлеуметтік орта қалып­тастыру және олардың мәдени, рухани деңгейлерін көтеру мәселелеріне байланысты міндеттердің тұр­ғандығына және Жастар жылын атап өтуде формалдық көз­қарастан аулақ болуымыз қажет, тиісті іс-шаралар еліміздің игілі­гіне қызмет етуі керек екендігіне назар аударды. 

Осы ретте Сенат депутаттары жастарды жан-жақты қолдауға арналған нақты іс-шараларды заңнамалық қамтамасыз етуге белсене қатысатынына кәміл сенім білдірді. Сонымен қатар Мәжіліс және Үкіметпен өзара сындарлы негізде ықпалдаса отырып, Сенат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын құқықтық жағынан қамтамасыз етуге бағыт­талған заңдарды сапалы әрі уақтылы қарап, қабылдайтынын айтып, әріптестерін жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/