ТОҚАЕВ ҮКІМЕТКЕ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ | «Айқын» газеті

0

Сенатқа заң жобаларының келуінде бірқалыпты жүйе жоқ. Шын мәнінде, өте салмақты әрі күрделі заң жобалары бойынша қысқа мерзімде жұмыс істеуге тура келеді. Тиісті түзетулер аса қауырт, қарбаласпен енгізіледі. Біздің ұсынысымызды Үкімет назарына алады деп ойлаймын. Үкіметтің өкілдігіне қатысты айтарым, сіздерге жұмысты істеу керек қой. сіздердің жұмыстарыңыз өте нашар.

Сенат Төрағасы бүгінгі Сенат оты­рысында Үкіметке осындай ескерту жа­сады. «Заң жобаларын Сенаттың қарауына ұсыну мерзімдеріне қатыс­ты осындай келеңсіз жағдайлардың қай­та орын алуына жол бермеу қажет. Осы мәселеге Үкіметтің назарын айрықша аударамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне өте маңызды заң жобалары енгізіліп отыр­ғанын, оның бесеуі Елбасының Жол­дауларында айқындалған мақсаттарды орын­дау үшін әзірленген заң жобалары екенін айтқан Қ.Тоқаев «Елбасының тапсыр­маларын орындауға жыл басы­нан бері жеткілікті уақыт болғанына қа­ра­мастан, бірнеше күрделі заң жобасы Се­натқа жыл соңында ғана бір пакет­пен келіп түсті. Сенат депутаттары заң жо­балары маңызды болғандықтан, аса қысқа мерзімде қарап, талқылауға мәжбүр болды», – деді.
Жыл сайын қайталанатын мұндай жағ­­дай қабылданатын заңдардың ­сапа­сына оң ықпал етпейтіні белгілі. Мұндай ке­леңсіз жағдайлардың қайта-қайта орын алуына жол бермеу қа­жеттігіне Үкіметтің назарын айрықша аудар­ған Қ.Тоқаев «Маңызды заң жобалары бойынша Үкімет Парламент пала­таларымен алдын ала үйлесімді жұ­мыс кестесін белгілеп алғаны дұрыс», – деп ескертті.

Әділбек ҚАБА

Дереккөз: Айқын