Түрмеден шығып, қайта келеді: Сотталған вайнерлер Төребаев пен Шерниязов жұмысқа орналасты
Қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін бес жылға сотталған Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жұмысқа орналасты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыпталушылар сот үкіміне сәйкес, минималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оларға жұмыс уақытында абақтыдан шығуға рұқсат етілген.
“Сотталушылар Алматыдағы ұйымдарда мекеме әкімшілігі мен жұмыс беруші арасындағы келісімшарт негізінде жұмысқа орналастырылды. Минималды қауіпсіздік мекемелерінде сотталғандар күн тәртібі аясында жұмысқа шығып, колонияға қайта оралады. Мекеме әкімшілігі олардың келіп-кетуі барысында заң талаптарын сақтау және оны бұзудың салдары туралы профилактикалық әңгімелер жүргізіп тұрады», – деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдері.
Сондай-ақ минималды қауіпсіздік мекемелерінде қарапайым жағдайда жазасын өтеп жатқан сотталғандар жатақханаларда тұратыны белгілі болды.
“Оларға мекеме аумағында айына бір қысқамерзімді және бір ұзақмерзімді кездесу өткізуге рұқсат етіледі», – деп толықтырды комитет өкілі.
Еске салайық, қаржы пирамидасын жарнамалап сотталған Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Алматыға ауыстырылған еді.