«Сыбаға» бағдарламасының талаптары өзгертілді

0

2018 жылғы 14 желтоқсан 10:16 527

«Сыбаға» бағдарламасының талаптары өзгертілді

АСТАНА. ҚазАқпарат — «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қойылатын талаптар өзгерді. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелік қаражатқа сатып алынатын мал мен жабдықтар кепілзат ретінде қабылданады. Енді несиелеудің шарттары жеңілдеп, шаруалар асыл тұқымды ірі қара малды ғана емес, сонымен қатар тауарлық (тұқымды емес) малды да кепілдік ретінде қоя алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы отандық мал басын көбейту, малдың сапалық сипаттамаларын жақсарту мен қазақстандық ет экспортын арттыруды қарастырады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бұл бағдарлама аясында «Сыбаға» арқылы шаруашылықтарды несиелендіреді. Несиелер импортталған ірі қараның аналық мал басын сатып алуға, ұсақ мүйізді мал мен негізгі құралдарды сатып алуға беріледі.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын шаруашылықтар сатып алынған активтерді — малды, техниканы, жабдықтарды — кепілдік ретінде қоя алады, — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» басқарма төрағасының орынбасары Думан Оспанов.

Оның айтуынша, бұрын тек асыл тұқымды мал қабылданған болса, бүгінгі күні несиелеу ережелеріне өзгерістер енгізілді: кепілдіктің 50 % дейін тауарлы ірі қара мал алынады. Бұл өзгеріс қарыз алушылардың кепілдік жүктемесін төмендету үшін жасалынған.

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz