Кәсіподақтардың қадірі мен қарекеті | «Айқын» газеті

0

Қазақстан кәсіподақтар федерациясы – өз қатарына 2 мил­лиондай адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Мұның өзі кәсіподақ қозғалысының Қазақстан қоғамында биік беделге ие екенін көрсетеді.

Бұл – бір жағынан ресми анықтама. Екін­­шіден, бұл қоғамдық ұйымның ел ішінде етене араласқан тыныс-тіршілігінен хабардар етеді. Ал шындығына келгенде, кәсіподақ ұйым­да­рының арғы-бергі тарихы еңбек адамдарының құқы мен мүддесін қорғауды алдына қойған қызметін аға ұрпақ өкілдері басынан өткерген.
Ал қазіргі кәсіподақтардың қарекеті қандай? Сауалдың бұлай қойылуы, біздіңше тегін емес. Себебі еркіндік пен таңдауды не­гіз­ге алатын кәсіподақ ұйымдары салалық бо­лып бірігіп қызмет етуінің өзара ерек­ше­лік­­тері көп. Осы жерде адамдар «Осы сен қай кә­сіподақтасың?» деген сұрақты да қойып жатады.
Дей тұрғанмен, елімізде жоғарыда кел­тірілгендей, Қазақстан кәсіподақтар феде­рациясы – ортақ үлкен шаңырақ. Жер-жер­де 18 мыңдай бастауыш кәсіподақ ұйы­мы­ның жұмысына басшылық жасайды әрі арқа сүйейді. Ұзын-ырғасы 22 салалық кәсіподақ бірлестігін ұйытып отыр. Бұл қоғамдық ұйымның қызметін еңбек етіп жүрген адам­дардың сезінуі мен қажеттілігін әрдайым қолдап келуінде әрине, жариялылық пен ашықтық, заң тұрғысында қауымдасуы аса маңызды. Еңбек дауларын шешуге, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға, жаңа мүмкіндіктер жасауға қабілетті болуы қажет. Кәсіподақтар жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында ынтымақтастық таныта отырып, медиатор бола алады.
Жалпылай алғанда, кәсіподақтар ел тәуелсіздігі жылдарында талай-талай қиын кезеңдерден өтті. Тағдырлы, сындарлы шақта ұйымның абырой-беделін сақтап қалу үшін қыруар іс тындырды. Сонымен бірге, өзекті мәселелер де көп болды. Түйінін шешуді күткен түйткілдер де бар.
Қазіргі Қазақстан кәсіподағының дәстүрлі жұмысына серпін беретін қадамдар жасау, оң өзгерістердің игілігін барынша сезіндіру, түйіндеп айтсақ, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді уақыт ағыны талап етіп отыр. Міне, осы бағытта Қазақстан к+әсіподақтар федерациясы жыл басынан бастап бетбұрыс жасаудың негізін қалап, кәсіподақтардың күретамырына қан жүгіртті. Жаңғыртудың 2018-2019 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірлеп, онда алға қойылған міндеттердің басым бөлігі қазір­дің өзінде жүзеге асып отыр. Жалпы, Еңбек қоғамын қалыптастыруда кәсіподақ ұйым­дарының әрбір бастамасы қарапайым еңбек адамдарының жүрегінен жол таба білуі тиіс. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, серіктестікті нығайту істерінде кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру үшін әр аймақта орасан іс-шара өткізілді. Кәсіподақтар федерациясының өңірдегі ұйымдары тым артық айтқаннан емес, ұйқысынан сергек оянатын болды. Қос­танайда, Павлодарда, Алматыда, Таразда, Шымкентте, Шығыс Қазақстан облыс­та­рында өткен кәсіподақтардың әртүрлі тақы­рыптағы форумдары мен беделді бас­қосулары ең әуелі кәсіподақ ұйымдарының абырой-беделін көрсете түсті.
Мәселен, Меркі кентінде еңбеккер жастардың республикалық форумы алғаш рет өткізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200 еңбеккер жігіттер мен қыздар осы жиынға арнайы қатысқан белгілі заңгер И.Рогов, Мәжіліс депутаттары Д.Мыңбай, Г.Шиповских, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы Б.Әбдірайым, Қазақстан­ның Еңбек Ері М.Ескендіров секілді қо­ғамға әйгілі, тұлғалы азаматтармен өзекті мә­селелер жайында пікір алмасу мүмкін­дігіне ие болды. Бүгінде кәсіподақтар қатарында 35 жасқа дейін 840 мыңнан астам ұл-қызымыз бар. Олай болса, кәсіподақ­тардың негізгі тірегі – жастар.
Мұндай маңызды басқосулар әлбетте, жастардың тәрбиесіне өз жемісін береді. «Еңбек адамын танытудағы кәсіподақтың рөлі» тақырыбында жүйелі акцияның жүргізілуі де ел арасында жақсы бағаланды. Еңбегімен елеулі адамдардың жастарға патриоттық тәрбие беруде жеке өнегесімен үлгі болуы – ең ықпалды тәрбие болмақ.
Үшжақты (жұмыскерлер, атқару орга­ны және жұмыс берушілер) әлеуметтік ­әріп­тестік моделі де өзінің тиімділігін көр­сетіп отыр. Осы құжат негізде жұмыс орындарын сақтау бойынша 115 мың ме­морандумға қол қойылып, бүкіл еліміз бо­йынша 3 млн-ға жуық жұмыскердің ертеңге деген сенімін нығайтуға мүмкіндік берді. Мұның сыр­тында ұжымдық шартқа қол қоюға мұрын­дық болып, еңбекшілердің өмір сапасын жақсартуға кәсіподақтардың ұдайы қамқор болуы да – қажетті іс. Бұл мәселе биыл ерек­ше қолға алынды. Жер-жерде шағын және орта бизнесте кәсіп­одақтардың құры­ла бастауы осы мәселеде айқындық танытып келеді.
Кәсіподақтардың қарекеті қандай жағ­дайда нәтижесін береді? Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, өз қарекетін үй­лесімді, қарқынды және жаңашылдықпен астарлы, жүйелі жүргізуге, сонымен бірге, белсенді әрі адал, білімді азаматтарға тә­уелді. Осы орайда Кәсіподақтар федера­циясы басшылығына жаңа тұрпаттағы, мемлекеттік басқарудың әртүрлі сатысынан абыройлы өтіп, сенімді беделге ие болған республикамызда, әр өңірде шынайы танымал жаңа азаматтардың келуімен де, көпшілік қолдауымен де серпіліс жасал­ғанын адалдық үшін айтуымыз тиіс. Жа­сыратын несі бар, кәсіподақтардың кадрлық саясатында сабақтастық пен олардың қатарын алғыр, кәсіби маман жастармен толықтырып, жаңартып отыру біраз уақыт бойы ұмыт қала бастаған. Ал мұның кері әсерін сезінбегендер енді қатаң талап пен жауапкершілік күшейе түскен шақта әрине, жұмыс қарқынына ілесе алмайтынын біліп, абыржымай тұрмаса керек. Сосын ұйымның атына негізсіз сын айтуға ұрынғаны сирек болса да, естіліп қалады.
Бұдан да маңызды мәселе, әрбір қо­ғамдық ұйым қаржы-қаражаты бар, атқарған жұмысы бар болса, оны ашықтық жағдайында қарапайым еңбек адамдарына есеп беруі керек емес пе? Алға қойылып отырған жаңа талаптың бірі – осы.
Бір жылға жуық кезеңде Кәсіподақтар федерациясы алдағы күнге, жаңа идеяларға жол ашатын парасатты іс-қаракеттің іргетасын қалап үлгерді. Биыл Жоғарғы сот Кәсіподақтар федерациясының өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес барлық өңірдегі кәсіподақ орталығында Татуласу орталығы мен медиация кабинет­терінің ашылуы қоғамда мәні бар ерекше оқиға болып қалды. Еңбек нарығындағы медиация жағдайы заң қызметкерлерінің ғана емес, әртүрлі мамандық иелерінің де қызығушылығын туғызып, федерация ұйым­дастырып келе жатқан семинар-кеңеске де белсене қатысып жатыр. Оны айтасыз, отандық айтулы ғалымдар Қазақ­стан кәсіподағы қозғалысының теориясы мен іс-тәжірибесін түбегейлі зерттеуді биыл өз тарихында бірінші мәрте қолға алды. Бұл да – көпқырлы ізденістің бір парасы.
Сондай-ақ биыл біз үшін үлкен оқи­­ға – Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс ХХV съезі өткізілуі. Осы мәртебелі съезге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жолдаған құттықтау сөзінде «Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен бірлесіп, өздеріне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкер­шілікті ала отырып, қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеу­меттік бейім­делуімен айналысатын қоз­ғаушы күш бо­луы тиіс», – деп кәсіподақ­тардың мақсат-міндетін атап көрсетті.
Бұл Қазақстан кәсіподақтарының бүгінгі және алдағы уақыттағы жұмыстарына басты бағыт бола береді.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Жамбыл облыстық аумақтық
кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы

Дереккөз: Айқын