Зейнетақы жинағын алуға бекітілген шекті мөлшердің неге өзгергені түсіндірілді

0

Зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін пайдалану бойынша жеткілікті шекті мөлшердің неліктен өскенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағылар (БЖЗҚ) түсіндірді. Бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің ұлғайғанымен байланыстырылып отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің, ең төменгі жалақы мөлшерінің және ең аз зейнетақы төлемдерінің көрсеткішінің өсуіне байланысты өзгеріп отырады.

2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан (атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылы қазіргі 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өседі. Соған сай 2022 жылға ең төменгі жеткілікті шекті мөлшер де көбейтілді,

— делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Сондай-ақ әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шек мөлшерін анықтау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы және Ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша жыл сайынғы негізде қабылданатын көрсеткіштер пайдаланылады.

Ал азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мақсаттары сол күйінде қалып отыр. Яғни қазақстандықтарға қордағы қаржысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделудің ақысын төлеуге, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беруге пайдалану құқығы берілген.

Еске салайық, бұған дейін зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін мақсатты пайдаланудың жеткілікті шекті мөлшері келер жылдан өзгеретіндігін жазған болатынбыз.