Келесі жылы ШҚО әкімдігі 7 млрд теңгені меджабдыққа жұмсайды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шығыс Қазақстан облысында Елбасы Жолдауын жүзеге асыру барысы мен ағымдағы жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары турасында баяндаған өңір әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Өңір басшысы облыста денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында бастапқыда 5 жылға арналған бағдарлама қабылданғанын айтты.
«Бізге 2 348 бірлік жаңа жабдық сатып алу қажет болды. Бұл техникалық құрылысы жағынан күрделі, соңғы үлгідегі жабдықтар болатын. Біз 3 жыл ішінде 18,8 млрд теңгеге жабдық сатып алдық. Келесі жылы бұл мақсатқа 7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр», — деді Ахметов.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын жетілдіру тек қажетті жабдықты сатып алумен шектелмейді.
«Сол себепті, «Адам капиталына инвестиция» атты тағы қосымша бағдарлама әзірленді. Себебі, озық технология адам капиталымен үйлесуі қажет. Осы орайда, біз жыл сайын 70 астам маманды 3-6 ай мерзімінде Ұлыбританияда білімін жетілдіруге жіберіп отырамыз», — деді Даниал Ахметов.
Ол 1 995 дәрігер мен медбике Семей медициналық университетінде білімі мен біліктілігін жетілдіру курсынан өткенін айтты.
Естеріңізде болса, өңір басшысы бұған дейін алдағы жылда 40 мыңға жуық қызметкердік айлығы өсетіні туралы айтқан болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ