Жеті жыл бұрын төртінші қабаттың терезесінен өзімді тастап жібердім

0

Эльвираны 2010 жылдан бері танимын. ҚазҰУ-дың филология факультетін бітірген. Кейін өзім интернет журналистика саласына қадам басқан соң, Эльвираны блогер ретінде таныдым. Ол – өзін өзі қалыптастырған, қоғамға үлкен үлесін қосатын жастың бірі. Оның бір фильмнің сценарийіне дайын боларлық күрделі өмір жолы бар. Бастысы, ол сол қиындықтың бәрінен қайсарлық, табандылық, білім мен іздену арқылы өтті.

–Эльвира Ерғалина кім?

–Ой, тіпті сұрағыңызға қалай жауап берерімді ойланып отырмын. Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тумасымын. Филолог, мәдениттанушы мамандығы бойынша дипломым бар. Бірақ, журналистика саласында қызмет еттім. Қолөнермен де айналыстым, шаш әрлеу ісін де меңгеріп алдым. SMM бойынша да біраз жұмыс атқардым, әлі де істеп жатырмын, онлайн марафон, сабақтар өткізіп тұрамын. Телеарналарда редактор, продюсер боп, тіпті экранға да шықтым. Қазір психология бойынша ізденіп, білім алып, білгеніммен бөлісіп жүрмін. Өзімді селф-мейд маманымын (өз күшімен табысқа, мансапқа  жететіндер — ред) деп есептеймін. Ал өмірде өз миссиямды орындау үшін жүрген қарапайым ғана адаммын.

–Эльвира, өзіңіз де анасыз. Бала қоғамға қарап өсе ме, әлде отбасындағы тәрбиеге қарай ма?

–Ия, 10 жастағы қыз баланың анасымын. Бала өмірге келген соң өзін анасы арқылы таниды. Өзгемен, әлеммен қатынасты әкесі арқылы таниды. Өсе келе әке-шешесінің бір-біріне деген қарым-қатынасын бойына сіңіру арқылы ересек өмірге бейімделеді. Ақыл-ойы мен сана-сезімі жетілген шақта қоғам да оған әсер ете бастайды. Ал, ақыл тоқтатқасын жүрген ортасы өзгертеді. Қандай жағдай болсын, баланың өмір сүру сапасына балалық шақтың тікелей қатысы бар. Кішкентайынан көрген-білгені, түйгені әке-шеше, туыстарының әрекеті болғандықтан өмір сүру шаблонын солардан алады. Сөйтіп, болашағының іргетасы қаланады. Тәннің өсуі белгілі бір межеге келіп тоқтағанымен, жан мен сананың өсуі тоқтамайды емес пе? Адамның үнемі жетіліп отыруына отбасы да, қоғам да белгілі дәрежеде ықпал етеді.

Қызыңызбен әйел болмысы туралы ашық әңгімелесіз бе?

–Қазақта анасы мен қызы арасында ашық әңгіме көп айтыла бермейді. Бәрін ежелден етене таныс «ұят» сөзімен жауып қоямыз бәрін. Өзім — ата-әженің қолында тәрбиеленген тұңғыш немеремін, соларды «мама, папа» деп өскенмін. Ал, биологиялық тұрғыдан әке-шешемді «аға-жеңге» дедім, байланыс та өте алшақ болды. Өзіндік себептері бар жайт болса да, қазақ үшін жақсы таныс дүние ғой. Бойжетіп, ағзамда бейтаныс құбылыстар болып жатқанда оның не екенін түсіндіретін ешкім болмады. Жоқ, әжем үнемі жанымда болды. Алайда арамыздағы жас алшақтығынан да болар, жақын сырласа алмадық, әйел болмысы, тәннің жетілуі туралы мүлде сөйлеспедік десе де болады. Қажет деп ойламаған да болар. Кемпірдің қызы болғандықтан анаммен тіпті сөйлеспейтінбіз, ол басқа қалада тұрды. Қажет кезде сұрап алатын алдымда әпкем де жоқ.  Өкінішке қарай, қыз балаға нағыз моральдық қолдау керек тұста жалғыз болдым. Сол себепті бойжеткен кезде бірқатар проблемаларға ұрындым…

Ал «қызым онға толды» деген сөз төсі біліне бастап, жыныстық жетілу кезеңі басталған шағы. Бұл тәніндегі өзгерістерге үрке қарайтын кезі. Ол ­– табиғат заңы, сондықтан өтпелі кезеңде ағзадағы бұл өзгерістерді түсіндіру өте маңызды. Түсіндірмесе, қыз балада өзіне деген сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Тіпті өзгерістерден қорыққаннан өз тәнін жек көре бастауы да ықтимал. Соны білген сәттен қызымның сырлас жақын құрбысына айналамын деп шешкенмін. Жақында ғана оған әйел болмысы мен оның өмірдегі миссиясы туралы айттым. Болашақта әйел, сосын ана болатынын түсіндірдім. Бойында қандай да құбылыстар болып жатса, бірден маған айтуын ескерттім. Қызым ғұмырында кездесетін жайттың бәріне моральдық тұрғыда дайын болуы үшін анасымен тығыз байланыста болу керегін білемін. Қазірден бастап  өз болмысын танитын болса, ертең одан жақсы ана, адал жар, ибалы келін шығатынына сенімдімін. Әңгімемді қызым мұқият тыңдап, жақсы қабылдады. Ол үшін мұның барлығы өте қызық болған секілді көрінді.

Эльвира Ергалина

Қызыңызды неден немесе кімнен қорғайсыз?

–Менің ойымша, баланы өсіп-жетілгенше, өзін дұрыс қабылдамаудан және өзіне деген назардың жетіспеушілігінен қорғау керек. Тек бестік баға алғанда ғана мақтап, қалған уақытта «жұрттың баласымен» салыстыратын ата-ананың әрекеті баланың жанына жарақат салады. Мұндай жағдай  өзін жақсы көрмеуге апарып соғады. Сосын өзіне сенімсіз, қорқақ болады. Қандай жағдай болсын мен оны жақсы көретінімді, оны осы болмысымен қабылдай алатынымды қашан да сездіргім келеді.

Ал баланы сыртқы факторлардан қорғау – әр ананың ешкім айтпаса да атқаратын міндеті ғой. Жалпы  жаны мен санасының тазалығын қорғауды көбісі есепке ала бермейді.

–Қазіргі қоғамның дерті не, сіз үшін?

– «Қазіргі қоғамның дерті –мынау» деп диагноз қойып, өзіме ауыр  жауапкершілік алғым келмейді. Әйтсе де, ойымды айтайын. Ұлтымыз өз болмысынан, қазақи қалпынан айрыла бастаған секілді. Жоқ, оюлы шапан, қос етек  бүрме көйлек киіп, орынды-орынсыз қазақ тілін талап етіп, жайлауда, киіз үйде өмір сүруді айтып отырған жоқпын. Талай соғыс пен ашарылықты, қуғын-сүргін мен қиындылықты бастан өткеріп, тіршіліктің қамымен жанталасып жүргенде отбасылық тәрбие институтын жоғалтып алдық-ау. Отбасылық институттың әлсіреуінен қазіргі буын қазақы тәрбиеден алшақтап  барады деп ойлаймын. Не дінді, не дәстүрді, қысқасы қай  рухани ілімді ұстанарын білмей адасып жүр. Қойыртпақ қоғамның қолбала баласына айналып кетті –ау. Діни фанатизмның түбіне түскен жастар  көп. Шаранасын қоқысқа тастап жатқан қыздар қаншама?! Ажырасудың көбеюі де ана мен қыздың арасындағы байланыс пен ашық әңгіменің сетінеуінен шығар. Бірақ бұл жайттан шығар жол болады, әлі!

–Сіз суицид жасамақ болғаныңыз жайлы өз блогыңызда жаздыңыз. Өлімнен басқа таңдау болмағаны ма, сонда?

–Ия, былтырдан бастап суицид жасағаным жайлы шындығымды айта бастадым. Оған дейін дос-жаран, тіпті ата-анама «абайсызда құлап қалдым» деп алдап келгенмін. Жеті жыл бұрын төртінші қабаттың терезесінен өзімді тастап жібердім. Әрине, бұл — мақтанатын нәрсе емес. Жария қылып, суицидті дәріптеп те отырғаным жоқ. Десе де, сол ақымақ әрекет жасағанымды айту арқылы қиындықтың бәрі өзіңе қол жұмсаумен шешіле салмайтынын жұртшылыққа түсіндіргім келеді.

Мен мұны кездескен проблемалардан қашу үшін жасадым. Бірақ аман қалдым, проблемам мұнан кейін  тіпті екі еселе түсті. Жанымның ауырғаны аздай, енді тәнім жарақат алып, қатты қиналдым. Қиындықтың үстіне қиындық қосылып, омыртқам мен аяғыма айтарлықтай зақым келді. Бір жылға жуық төсекте жатып, аяққа тұрғасын тәніммен қатар, жанымды да емдеуге кірістім. Қателіктерімнен сабақ алдым. Жалпы, Қазақстан суицид жасау бойынша әлемдік статистикада төртінші орында тұр екен. Демек, «айналамызда өзіне көңілі толмайтын, өткінші қиындыққа шыдамай,. соның бәрінен өзін құрбандыққа шалу  арқылы құтыламын» деп ойлайтын замандастарымыз көп. «Суицидтен кейін аяққа қалай тұрғанымды айтып, соңғы шешімді өлімнен іздеп жүрген замандастарыма көмегімді тигізсем» деп ойландым. Себебі, төртінші қабаттан құлаған адамның тірі қалмауы да мүмкін еді. Мені періште қақты, аяғымнан тұрғызды. Сондай жағдайдан аман алып қалғанынан бөлек, мені арман-мақсаттарыма нық қадам басқызды. Демек мен біреулерге керекпін. Мен осылай басымнан өткен қиыншылықтар арқылы басқа адамның мәңгілік өкіндірер қателік жасауының алдын алғым келеді. Менің өмірлік миссиям – осы. Кез келген қиындықтан кейін де жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар. Соны түсіндіру үшін қазір алғашқы қадам жасалынып жатыр.

Эльвира

–Қалай ойлайсыз, адам жақсы нәтижеге жетуі үшін міндетті түрде басынан қиыншылық өтуі керек пе?

–Менің түсінігімше, адам өмірге белгілі бір миссиямен келеді. Мүмкін, өзінің бастан өткергені арқылы біреуге көмектесуді үйренуі керек шығар. Бәлкім кешіруді де үйренуі керек болар. Адам сол миссиясын орындамайынша, ол проблема болып алдыңнан шыға береді. Проблема бір, тек соны ойнайтын актерлер ғана әртүрлі. Мысалы, бір қыздың әкесі ішкіш, шешесіне қол жұмсайтын тиран болуы мүмкін. Қыз сосын әкесіне сол үшін ренжіп өседі. Қыз болашақ күйеуін әкесі арқылы таниды. Әкесіне өкпесі өршіген қыз бүкіл еркекті әкесі сияқты «нашар адам» деп ойлайды. Қанша жерден әкесін жақсы көргенімен, жүрегінің түбінде үлкен реніш булығып жатуы мүмкін. Бой жеткеннен соң, жігітпен қарым-қатынасында түрлі қиындықтар туындай бастайды. Әкесінің махаббатына зәру болып өскен қыздың кез келген еркектің жылы сөзіне ери салуы да оңай. Жолында кездескен жігіттің бәрінің ыңғайына көне салуы да мүмкін. Махаббатқа зәру болып жүріп ерте тұрмысқа шығып кетуі ықтимал. Тұрмысқа шыққан соң әкесіне деген реніші күйеуімен қарым-қатынаста да көрініс таба бастайды. Демек, оның образындағы еркектің бәрі –оңбаған. Ол барлық еркек әйеліне тек зорлық- зомбылық көрсетеді деп сенеді. Сөйтіп жүріп ажырасуы, не сол өміріне көндігуі де мүмкін. Өзі де ұл туады. Әкеге деген ренішінің салдарынан өзінің ұлына да «баяғы әкеден қалған программаны» орнатуы мүмкін. Ұлы үйленгесін оның жеке өміріне де араласа бастайды. Келінімен арада проблемалар туындайды. Ал әкесімен о баста  қарым-қатынасын түзеп, ренішін мүлде ұмытқанда,  бұл қыздың өмірінде осынша проблема болмайтын еді ғой? Демек, қиындық адамға бір нәрсені ескертеді, сол арқылы сабақ  алуды үйретеді. Адайда, адам жақсы нәтижеге жету үшін қиналуы тіпті  міндетті емес. Егер өзімен уақытылы жұмыс істеп, өз болмысын түсінсе, санасын жетілдіріп, дамуға ұмтылатын болса,  нәтижеге жетуі оңай. Ал, «қиындық арқылы жетістікке жетем» дегендер уақыттан бұрын, өз потенциалын азайтып алады. Абайша айтқанда, «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» көкесі сонда болады.

–Эльвира, қазір сіз жантану саласында онлайн-курс өткізіп жүрсіз. Қатысушылар арасында ер азаматтар бар ма?

–Ия, «Сана трансформациясы» атты он бес күндік онлайн-курс жүргіземін. Мен психолог емеспін, практикпін. Қазір рухани өсу саласында көп білім алып жатырмын. Онлайн-курста басымнан өткен тәжірибелеріме сүйенемін. Өз әке-шешесінен алшақ, ата-әжесінің қолында өскен, 18 жасында тұрмысқа шығып, 19 жасында ана атанған, 20 жасында ажырасып, 21 жасында өзіне қол жұмсаған шикі Эльвира сол проблемадан шығу жолында біраз білім жинады. Неге сол білімді дұрыс бағытқа бұрып, замандастарыма көмектеспеске? Осы 15 күннің ішінде онлайн түрде бірнеше адамға болса да көмектесуге мүмкіндігім бар. Курстың мазмұны жүйелі. Дамуды өткен өмірмен жұмыс жасаудан бастаймыз. Нәтижесі де жақсы шығып жатыр. Алғашқы лекпен қатысқан 30 адамның ішінде тек бір ғана ер бала болды. Психологиялық ізденісте жүргендердің көбі әйелдер ғой, бір жігіттің келгенінің өзіне қуандым.

*«Сана трансформациясының» басқа курстардан айырмашылығы –бір-біріне өрілген жүйелі сабағында; өткенмен, өкпе-ренішпен арылу жұмыстарында, сиқырлы таяқшаның жоқтығында, өз өмірің мен бақытыңның жауапкершілігін алуға үйрететінінде.

Осы бағытта не үшін ер адамдар ізденбейді, қалай ойлайсыз?

–Әдетте баланың ми талшықтары мен ағзасы үш жасқа дейін дамып бітеді.  Одан кейін балада ойлау жүйесі іске қосылады. Енді санасы қалыптасып келе жатқан ұл балаға ата-анасы сәл жыласа, «сен еркексің ғой, жылама», «еркек емессің бе, ұят болады» деп ішкі эмоциясын шығаруға мүмкіндік бермейді. Бірақ, ол әлі еркек жасына жетпеген бала ғой?! Бүлдіршін өсіп-жетілмейінше, жынысқа бөлінбейді, оған алдымен өмірді танытып алу керек деп ойлаймын. Титтейінен жиырмадағы жігіттің әрекетін, намысын талап етудің қажеті жоқ. Ержете бастағанда-ақ танымын ұлғайтып, намысын оятуға күш салуға болады. Баланы сезімін ашық айтуға, эмоциясын шығаруға еш шектеу қойылмауы керек. Ал, шектелді екен, ол өзін жетілдіруге қызықпайды. Бойында бар кемшілігін түзеуге тырыспайды. Проблемасын ешкімге ашық айта алмайды, оның шешімін іздеуге асықпайды. Жасық болуы да мүмкін. Бойында бар проблеманың өзін мойындамай, көз жұма салу, жауапкершіліктен қашу солай қалыптасады.

Қатысушылардың көбінің проблемасы қандай?

–»Курсқа қатысқанға дейін сонша проблема менде ғана деуші ем. Ешкімге ештеңе айтпайтын ем, ұялатынмын. Сөйтсем, басқа адамдарда да қиындықтар бар екен. Ағынан жарылып, ашылуды үйреніп жатырмын», –деп, жақында бір қатысушы ағынан жарылып хат жазды.

Ал қатысушылардың проблемасы бір-біріне өте ұқсас: өзіне, өміріне көңілі толмау; әке-шешеге деген реніші; адамдармен дұрыс қатынас құра алмау; іштен мүжитін қорқыныштар. Бәріне ортақ нәрсе — өзін қабылдай алмау, олар үнемі тәніне, мінезіне күңкілдеп, өзімен-өзі алысып жүреді. Әрине, бұл проблемалардың түп-тамыры балалық шақта жатыр.

Эльвира

Әлеуметтік желілердегі «хайпқұмар» жастар туралы не дейсіз?

–Хайп – сататын өніміне, не қызметіне назар аударту үшін жасалатын шу екенін білесіз. Өкінішке қарай, ештеңе сатпаса да, дым бітірмесе де, хайп жасағысы келетін жастардың саны артып келеді,. Мұның бәрі тек бір сәттік елес сияқты. Олар жұрттың уақытша талқылауы мен елдің аударған назарына мәз болып жалған сезімге алданады. Өзім де жұрттың назарын аударатын әрекеттер жасадым)). Демек, балалық шағында ата-анасының назары жетіспей қалған  адамдар кешке дейін ұмытып қалатын  осындай хайпқа құмар болады деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рақмет, Эльвира. Бастамаңыздың көпке көмегі тиюіне тілектеспін.

Әңгімелескен Ақерке Әбілхан

«Қамшы» сілтейді