Биыл 15 мың тонна ет экспорттадық – Асылжан Мамытбеков

0

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз биыл 15 мың тонна ет экспортын жасаймыз деп алдымызға тапсырма қойдық, жыл соңына дейін әлі бір ай бар, дегенімен ол жоспарды артығымен орындадық. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков Алматыда өтіп жатқан ІІІ Орталық-Азиялық агротехнологиялық саммитінде айтты.

Саммит барысында А. Мамытбеков талқыланып отырған мәселенің бәрі қазіргі таңда өте өзекті болып отырғандығын айта келе болып жатқан мәселені кейде басқа қырынан қараған жөн екендігін білдірді.

«Бір соқпақпен жүре беруге болмайды, ол әрдайым оң шешіле бермейді. Мәселен, 2013 жылы біз тұқымдық шаруашылық түсінігінен бас тарттық. Елде барлық тұқымдық іс пен қоса мал шаруашылығы да құриды деген дау болды. Тұқымдық қауымдастықтар құрып, оларды бізде бар техникаларға сәйкес палата деп атадық. Бұл ашық қауымдастыққа түрлі тұқымдағы малы бар қожалық иелері жүгіне алады. Онда статус нақты малға беріледі, мәселен қазақтың ақбас малы дегендей. Содан кейін жағдай бірден оңала түсті, яғни сапа жақсарып, сан арта түсті. Тұқымдық шаруашылықтар субсидияны тікелей сатып алушыдан алатын болды. Осылайша жағдай көз алдымызда жақсы жағына қарай ойыса берді. Нәтижесінде біз биыл 15 мың тонна ет экспортын жасаймыз деп алдығы тапсырма қойдық, жыл соңына дейін әлі бір ай бар, дегенімен ол жоспарды артығымен орындадық. 15 мың тонна ет экспорты деген көрсеткіш 1990 жылдардан бері болмаған», -дейді ол.

Саммит барысында аграрлық нарық және 2027 жылғы ауыл шаруашылығы өнімдеріне болжам жасалды. Қазақстан Ауыл шаруашылығы кешенін жаңғырту үшін инвестиция тарту мүмкіндіктері, ауыл шаруашылық өнімін өндіруде инновациялық технологияларды қолдану мәселелері қаралды. Сондай-ақ жылыжай кешендерінде өсірілетін өнімдердің түсімін арттыратын жарық диодты технологияларды және өсімдіктерді қорғаудағы биологиялық әдістерді қолдану мәселесі сөз етілді.

Жиын барысында (ФАО) Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының экономисті Рене Арауйо Енсизо Қазақстан бидай жеткізудегі белді елдердің қатарында екендігін жеткізді.

«Әлемде астық экспорты бойынша Үндістан маңызды рол атқаруда, сондай-ақ Украина, Қытай, Аргентина, Қазақстан да үлкен маңызға ие. Қазақстан бидай жеткізудегі белді елдердің бірі. Дегенімен астықтың сапасы жағынан айырмашылық бар екенін ескеруіміз керек. Сондай-ақ Ресей, Қытай, Үндістан, Аргентина азық-түлік, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде әлемдік деңгейде алғашқы орында. Соның ішінде ет өнімі бойынша Үндістан басымдыққа ие, ол елде ет өте арзан. Қазақстанға келсек мұндағы ет өнімдері барлық санитарлық талаптарға сай келеді. Және Қазақстан соңғы 10 жылда сүт өнімдерін өндіру бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Егер осы қарқынмен алға жылжи берсе жақсы нәтижекөрсетерісөзсіз», -дейді экономист.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов Қазақстан агро секторы алдындағы негізгі міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін бәсекеге лайықты етіп, әлем нарығына шығару көзделіп тұрғанын жеткізді.

«Бүгінгі күні елімізде бір жылда 5 млн тонна сүт өнімі өндіріледі. Оның 78% үй шаруашылығындағы малдардан алып отырмыз. 14% шаруақожалықтарынан, 8% ірі мал шаруашылығы кешендерінен жеткізілуде. Сүт өнімі алдында тұрған негізгі мәселе – ол бүгінгі экспорт. Біз ауыл шаруашылығы өніммен ішкі нарықтың 60 пайызын ғана қамтамасыз етіп отырмыз, қалған 40% сырттан әкелінуде. Соған байланысты бүгін ет өнімдері, сүт өнімдері және экспорт мәселесі кеңінен талқыланып отыр. Қазақстан Республикасы мал шаруашылығы, оның ішінде ет өніміне арналған 2018-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Қазір еліміздің Солтүстік, Орталық Қазақстан және Шығыс Қазақстан өңірлерінде ет өнімдерін өндіру үшін кеңейтілген бағдарлама қабылданып отыр» ,-дейді ол.

Сонымен қатар ол, ауыл шаруашылығы саласындағы қант өнімдеріне тоқтала келе Алматы облысында 17 мың гектар жерде қант өнімін өндіру іске асырылып отырғанын жеткізді.

«Қазір тек Алматы облысында ғана емес, өзге аймақтарда да қант өнімін өндіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені ол жоғары сұраныстағы ауыл шаруашылығы өнімі. Мұның барлығы қант тапшылығын жойып, елді өз өнімімізбен қамтамасыз ету жолында жасалып отыр», -дейді ректор.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ