Стратегиялық маңызы бар қадам | «Айқын» газеті

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы білім беру саласын дамытудағы басым бағыттарды айқындап берумен қатар, қазір назар аударуды талап ететін көкейкесті мәселелерді нақтылап көрсетті. Осы орайда, мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту, Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату, педагог мәртебесін жоғарылату, балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп мектеп психологтарының жұмысын күшейту қажеттігі тапсырылған. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің өмірлік құндылықтарының қалыптасуында мектеп институтының маңызды рөлін ескерсек, педагог мәртебесін арттыру мен мектеп психологтарының кәсіби қызметін күшейту дер кезінде көтеріліп отыр.

Өкінішке қарай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, балалар арасындағы суицид бойынша Қазақ­стан алдыңғы ондыққа кіреді. Ал жастар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша бестікке кіріп отыр.
Жалпы мектептегі психологиялық қызмет­ті жақсарту, әрбір баланың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қызылорда облыстық білім басқармасы қызметінің басты басымдықтарының бірі және Елбасы Жолдауында аталған мәселеге ерекше екпін қоюы осы бағыттағы жұмысқа ерекше қарқын беретініне толық сенім білдіреміз. Мәсе­лен, 2015-2016 оқу жылында елімізде алғаш рет БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры­ның қолдауымен Қызылорда облысының білім беру ұйымдарына «Кәмелетке толма­ған­дар арасындағы суицидтер превенциясы» атты пилоттық жобасы енгізілген болатын. Жоба Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер министрліктерінің бірлескен бұйрығы негізінде іске асырылды. Негізгі жұмыс бағыты – мектеп психологтарын оқыту, арнайы дәрістер жүргізу, мектеп қызметкерлерін оқыту, ата-аналарға түсіндір­ме жүргізу, өмірлік қиыншылықтарға тап болған балаларға қолдау көрсету бағытындағы кешенді іс-шараларды қамтыды.
Бағдарлама жалпы психикалық денсау­лықты жақсартудың тиімді тетігін қалыптас­тыр­ды деуге әбден болады. Мәселен, Қызы­лор­да облысы бойынша 2017 жылғы суицидтің деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге қысқарды, ал суицидқа ұмтылу 2,4 есеге азайды. Бағдарлама өз тиімділігін көрсеткен­нен кейін Президент Әкімшілігінің 2016 жыл­ғы желтоқсандағы тапсырмасымен Қызы­­лорда облысының тәжірибесі республи­ка көлемінде таратылып келеді.
Ал 2017 жылдан бері Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Bilim Foundation қоғамдық қоры аталған бағыттағы жұмыстар­ды «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы арқылы жалғастырып келеді. Мәселен, 2018 жылы қоғамдық қор Қызылорда облысы білім басқармасымен бірлесіп облыстың 805 педа­гог-психологына және өзін-өзі тану пәнінің мұға­лімдеріне арнап «Денсаулық және өмірлік дағдылар» қалыптастыру бағы­тында біліктілік арттыру семинар-тренинг­терін өткізді.
Сондай-ақ облыстың педагог-психолог­тары арнайы әзірленген әдістемелік құралмен қамтамасыз етілді. Әдістемелік құрал мектеп оқушыларына өмірлік дағдыларын қалыптас­ты­руға көмектесетін алты модульден тұрады. Аталған курс мектеп оқушыларына физи­ка­лық және психикалық саулықты нығайту, өмірлік және тұлғааралық қатынас дағды­ларын, репродуктивті денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау, кәсіпті сана­лы түрде таңдау, сыртқы ортаның әртүрлі қиындық­тары­на қарсы тұру қабілетін дамытуға ықпал етеді. Қазір тренингтерді сыныптан тыс шаралар мен тәрбие сағаттары барысында педагог-психологтар мен өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері жүргізуде.
Сонымен қатар облыстағы педагог-психологтарды тұрақты түрде әдістемелік қолдау мақсатында Білім басқармасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және т.б. ұйымдармен бір­лес­­кен іс-шаралар атқарып келеді. Яғни, бала­­лардың тұлға ретінде қалыптасуына тіке­лей әсер ететін мамандардың біліктілігін артты­руда ғылыми негізделген әдіс-тәсілдерге басымдық беріледі. Балалар мен жасөспірім­дер­дің психикалық саулығын күшейтуде ата-ана мен қоғам рөлінің маңызын ескере оты­рып, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Педа­­гогика және психология кафедрасының ғалым­­дарының қатысуымен «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасында «Психолог саға­ты» айдарымен бейнесабақтар көрсетілімі жүруде.
Аталған іс-шаралар кешенінің жүзеге асуын балалар мен жасөспірімдердің психи­ка­лық саулығын арттыру мақсатында жүргізі­ліп келе жатқан мемлекеттік саясаттың жемісі деуге әбден болады. Мәселен, Ұлыбри­та­ниялық Itad компаниясы және БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры сарапшы­лары облыста білім беру саласында атқарылған жұмыстарды оң бағалап отыр. Тереңірек қарар болсақ, тәуелсіз сарапшы­лар­дың пікірін облыс көлемінде атқарылған жұмысқа беріл­ген баға деп ғана емес, балалардың қауіп­­сіздігі мен психикалық дамуы бойынша мемлекеттік сая­саттың дұрыс бағытта жүргізіліп келе жат­қан­дығының көрсеткіші деп қабылдауға болады.
Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауында білім беру ұйымдарындағы педагог-психо­лог­тар­дың жұмысына көзқарасты өзгерту мәсе­лесін көтеруі – өскелең ұрпақтың психика­­лық саулығын күшейтуге талпыныс ғана емес, салауатты ұлт қалыптастыруға бағыт­­талған стратегиялық маңызы бар нақты қадам. Президентіміз Н. Назарбаевтың тапсырмасын тиімді жүзеге асыру мақсатында білім саласының қызметкерлері әрбір оқу­шы­ның тұлғасымен танысуға, даму ерек­ше­ліктерін анықтауға және оларға психикалық қолдау көрсету бағытында жұмыстарды жаңа леппен жалғастыра береді деп сенеміз.

Майра МЕЛДЕБЕКОВА,
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы