Қазақстандағы президенттік институттың тарихи маңызы

0

Президенттік институт мемлекет­тік басқарудың әкімшілік-әміршілдік жүйесінен жаңа нарық экономикасы мен азаматтық қоғамға өтіп жатқан кезде өзін-өзі ақтаған қадам болды. Нәтижесінде елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. 

Қазақстан тарихындағы осындай тағдыршешті кезеңнің астарлы тұстарын толыққанды түсіну үшін ең алдымен еліміздегі президенттік инс­титуттың қалыптасуын, сол жүйені орнатуға дем беріп, соған тікелей басшылық еткен Елбасының өмірі мен саяси қызметіне, оның сыртқы саяси өлшемдеріне шетелдік сарапшылар мен жазушылардың да көп көңіл бөлгендігі белгілі. Сондықтан олардың Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен оның тарихи орны туралы монографиялық зерттеу жұмыстары деңгейіндегі кейбір тәуелсіз пікірлерін ескеру ма­ңызды. Ресейлік автор Л.Млечин сол кездегі сарапшылардың, кейбір сая­саткерлердің пікірлеріне талдау жасай отырып, солардың басым көп­шілігі тәуелсіз Қазақстанның бола­шағы жоқ, ол дербес өмір сүруге дайын емес, оның ұлттық валютасы шек­тен тыс құнсызданып, қаржы-эконо­микалық жүйесі күйрейді, ол арты­нан әлеуметтік дүмпу мен бүлік­ке ұласады деп, тіпті оның мерзімін де көрсетіп, бал ашқандар көп болды дейді. 

Қазақстанның тәуелсіз дамуының болашағына деген осындай сенімсіз­дік­тің, тіптен оның тәуелсіз мемлекет ретінде он жылдан артық өмір сүре алмайтындығы туралы түрлі болжамдардың болғандығын белгілі жазушы, Ұлыбританияның мемлекет және қоғам қайраткері Джонатан Айткен де растайды. Оның ойынша, Н.Назарбаев бұл дауылдан бірте-бірте аман-есен шыға алды. Жазушы Қазақстанның жетістіктері өздігінен пайда бола салған жоқ, Назарбаев болмаса, олар да болмас еді деп, өз ойын қорытындылайды.

Н.Ә.Назарбаевтың тарихи сахна­ға­ танымал саясаткер ретінде шығуы­ның негізі ертеректе қаланған болатын. Кезінде оның тұлғалық қа­сиет­тері мен басқарушылық қа­біле­тін ескере отырып, Кеңес ода­ғы­ның вице-президенті немесе одақ­­тық үкіметтің басшысы, тіп­­тен М.С.Гор­бачевтің орнына­ КСРО пре­зи­денті де болуға мүмкіндігінің болғандығы да кездейсоқ емес еді. Бұл шетелдік сарапшылардың пікірі. Мәскеулік белгілі жазушы С.Плехановтың ойынша, Н.Ә.Назарбаевқа өзгерістер дәуірінде көшбасшылық сынағынан өтіп, өзінің мүмкіндіктерін дәлел­деуге тура келді. Президент кеңестік жүйе күнінің өткендігін айқын түсінді және жаңа мемлекет құруды өз мойнына алды. Назарбаев төтен­ше жағдай жарияламай-ақ, күш көрсетпей ішкі бүлдіргіш күштерді жеңіп шығып, елін аман алып қалды. Сондықтан да ол әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің арасынан лайықты орнын алды.

Халықаралық са­рап­шылар Н.Назарбаев үш­ін Президент бо­лып сайлануы республикадағы ықпалын кеңейтумен қатар, оған көп­теген қосымша машақатты да қо­сып бергендігін атап көрсетеді. Жаңа инс­титутпен жұмыс істеудің тәжіри­бесін жинақтау керек болды. Ал­ғашқы кездері Президенттің ап­параты бірнеше адамнан-ақ тұра­тын­дығына қарамастан, азғантай командамен кейіннен тәуелсіз Қазақ­стан мемлекеттілігінің тірегіне айнал­ған президенттік институттың құры­лымдық негізін қалады.

Қазақ КСР-нің Президенті сай­ланғанымен толыққанды «пре­зиденттік институты» орныға сал­мады. Өйткені ол арнайы заңмен бекітілген шын мәніндегі тиісті мәр­те­бесі мен өкілеттілігі бар Президент болып саналмады. Алғашқы болып сайланған президент Қазақ КСР Президенті емес, тек Жоғарғы Кеңес бекіткен Қазақ КСР Президенті қыз­метіне сайланған тұлға болып есеп­тел­гендігі сырт көзден тыс қалмады. Демек, Н.Ә.Назарбаев 1990 жылы Президент болып сайланса да, ол тек өкілдіктік атқарымға ие болды. Шет­елдік сарапшылардың пайымдауларына қарағанда, оның қолында шын мәніндегі басқару тетіктері болмады.

Жоғарыдағы кілтипандарға қа­рамастан Елбасының модернизациялау жобасы қоғамның табиғаты мен халықтың жанын өзгертті. Елбасы халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделей келе және мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық, қоғамдық-саяси маңызы бар мәселерін аз уақыт­та шешу керектігін ескере оты­рып, алғашқы кезеңде мықты пре­зидент­тік билікті қажет ете­тін президенттік институттың аме­рикалық моделіне тоқталды. Со­ны­мен бірге Н.Ә.Назарбаев қоғам дамуының барысын терең сезіне отырып, мемлекеттіліктің нығаюы мен демократиялық қайта құрулардың тереңдеуіне байланысты президенттік институтының қазақстандық жағ­дайға сай келетін, қоғамның эконо­микалық өміріне мемлекеттің белсене қатысуына басымдық беретін француз үлгісіне бейімдеді. Сөйтіп 1995 жылғы Конституция заң­ды түрде президенттік би­лікті бе­кіт­ті. Қазақстандық президенттік басқару нысаны қоғамда бірыңғай мемлекеттік биліктің бөлінуі мен жұмыс істеуінің ерекше жүйесі логикалық тұрғыда аяқталған түрге ие болды. Дегенмен Елбасы алдында екі жол, екі таңдау­дың болғанын біреу білсе, біреулер біле бермес. Біріншісі – бірте-бірте қимылдап, бірақ реформаның қар­қынын бә­сең­де­ту. Немесе, екінші жолға түсіп, батыл, азаматтардың есін тандыратын аяусыз әлеуметтік-эко­номикалық реформа жүргізу, бірақ әлеуметтік қарсылыққа тап болу. Елбасы осы екінші жолды таңдады. Бұл сол кездің ащы шындығы еді. Со­нымен қатар үшінші жол да бар бол­ған – ештеңені өзгерпей-ақ сол күйін­де қалдырып, өз билігін нығайтудың қамын ғана ойлап отыра беру.

Елбасы таңдаған жол демократия­лық мемлекет қалыптастырудың қажеттілігі президенттік респуб­ли­ка құрудың дұрыстығы мен тиім­ділігіне назар аударуды талап етті. Құқық­тық мемлекетке бет алған тұста қа­лыптастыру жағдайында би­ліктің үш тармағы күшті және өз қыз­мет­терін жүзеге асыра алатын­дай жағдайда болуы қажет еді. Алайда заң шығарушы және ат­қа­рушы билікті байланыстырушы­ буын тек Президент қана бола ала­тындығы күмән келтіруге болмайтын заңдылық ретінде мойындалды. Яғни, президентсіз президенттік республиканың да болмайтындығы түсінікті болды. Сонымен бірге Қазақ­станда күшті президенттік инсти­туттың қалыптасуы ең алдымен Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасымен байланысты екендігі де шындық. Яғни, біздің елдің жағдайында Мемлекет басшысын, Президентті президенттік институттан бөліп қарау мүмкін емес­тігі айтпаса да түсінікті. Алайда Пре­зидентке берілген көптеген билік өкілеттіктерін биліктің тек Пре­зи­денттің қолында жинақталғаны деп қараған дұрыс болмас, өйткені маңызды құқықтар басқа билік тар­мақтарына да берілгендігін ескерген жөн. Оның дәлелі – Елбасы бастама­сы­мен 2004-2008, 2011 жылдары елде жүргізіліп, 2017 жылдан ерекше қарқынға ие болған саяси модернизациялау үрдісі.

Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық мемлекеттік саясаттың бас­ты қағидатына, Елбасының өмір­лік ұстанымына айналды. Оның өзегі мемлекет құраушы ретінде қа­зақ халқының топтастырушы­ рөлі жағдайындағы «Бірлік – алуан­түр­лілікте» формуласына негізделді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыс­тырушы әлеуеті толысты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

Елбасының белсенді сыртқы саяси­ қызметінің арқасында Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты, Семей ядролық сынақ полигоны жабылды, Қазақстан өз жерін ядролық қарудан бос деп жариялады, ядролық державалардан кепілдік алды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту – қазақ халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш Ел ретінде халықаралық қоғамдастықта беделін көтерді. Полигонды жабу арқылы Президент, ең алдымен, халықтың басқа жұрттардан кем емес жағдайда өмір сүре алатынына көз жеткізді. Көптің рухын көтерді. Бір жағынан, Кеңес одағы кезінде тек шикізат көзі ретінде ғана қарастырылып келген Қазақстан туралы ұғымды өзгертті. Осыдан кейін Н.Ә.Назарбаев өзін халықтық Президент ретінде ғана емес, сонымен бірге «семсерден соқа соққан саясаткер» атанып, бүкіл әлем қол соққан дүниежүзілік деңгейдегі басшы ретінде де көрсете білді. Ал Қазақстан болса ядролық қаруды таратпау және ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылып, антиядролық қозғалыстың танымал көшбасшыларының біріне айналды. 

Президенттік институт Қазақ­станның сыртқы саясатын жүргізудің басты құралына айналды. Алғашында, сыртқы саясат бағытында кадрлар тапшы болған кезде бұл жұмыс Президенттің мойнына жүктелді. Көпвекторлы, көп бағытты дәйекті де болжамды саясаттың негізін салуда халықаралық деңгейдегі басты тұлға Елбасы болды. Президенттің беделі Қазақстанның беделіне жұмыс істеді.

Ресейлік жазушы С.Плехановтың пікірінше, Алматыда ТМД құрыл­ма­са, бұрынғы Одақ көлемінде не боларын болжау қиынға соқпас еді. Үл­кен Джордж Буштың ұлттық қауіп­сіздік бойынша кеңесшісі Брент Скоукрофттың айтқанындай, алып Кеңес одағының күйреу қуаты­ның жаппай азамат соғысына жеткізбеу­дегі Н.Назарбаевтың рөлін тарих әлі өз дәрежесінде бағалайтын болады. 

Президент Н.Ә.Назарбаевтың Еуразия­лық доктринасы – концеп­туал­дық тұрғыдан тұтас аяқталған, те­рең жаңашыл, мықты мәдени-тарихи және тарихи-философиялық іргетасқа негізделген батыл қадам ретінде қарастырылады. Біздің өз тарихымыз және болашағымыз бар. Сондықтан біздің даму моделіміз ешкімдікіне ұқсамайтын болады. А.Дугин еуразиялық ақыл-ой тарихында бірінші рет үлкен ауқымдағы саясатшы, тәуелсіз мемлекеттің Президенті Еуразия доктринасын нақты жүзеге асыруға шақырып, еуразияшылдар идеясының тарихында бетбұрыс жасады. Назарбаев уақыттан озып кетті, ол тарих рухын, өркениет дамуы процесінің ырғағын қуып жетіп, қатар тұрды дейді.

Д.Айткен Н.Ә.Назарбаевтың мұ­найлы мемлекеттердің көбінің пролемасы – одан тұскен ақшаға ғана сеніп отырудың елдің болашағына қиянат жасау екендігін сонау 90-жылдары ескертіп, азаматтардың бәсекеге қабілеттілігі, экономиканы мұнайдан түскен ақшаға тұншықтыруға болмайды деген орынды алаңдаушылығына назар аударды. Ол 1998 жылы Пре­зидент Қазақстанда ешбір мұнай жоқ деп өмір сүріп, жұмыс істеу­ге шақырғандығын еске салады. Ұлыбританиялық сарапшы Қа­зақ­стан мен Қытай арасындағы шекара мәселесін реттеу кезіндегі екі көр­ші ел басшыларының арасындағы әң­гіме арқылы ең жоғары деңгейдегі дип­ломатияның «құдыретін» көр­сететін Цзян Цзэминнің Н.Назарбаевқа шекара мәселесін біз бас­шылықта тұрған кезде шешіп алу ке­рек, кейін билікке жаңа буын басшылар келгенде олардың келісімге қол жеткізеріне менің күмәнім бар деген сөзін мысалға келтіруі де көпті аңғартады.

Тағы бір айта кетер жайт, кезінде ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде қабыл­данған Астана декларация­сы мен «Астана рухы» ұғымы сенім, ке­лісім, толеранттылық пен алуан­түрл­іліктің бірлігі қағидаттарына негізделген әлемдік құрылысқа барша­­ның бірлесе ұмтылысының рә­мізіне айналып, халықаралық сая­си лексиконға сенімді түрде енді. Елдің сыртқы саясаты оның ішкі саясатының жалғасы деп есептесек, онда 2017 жылдың басынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу, ал 2018 жылдың қаң­тар айында оған төрағалық ету, дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін өт­кізу­дің өзі еліміздің әлемдегі орнын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, шетелдік са­рап­шы­лардың пайымдауларынша, Қазақстанның жетістіктері өздігінен пайда бола салған жоқ. Н.Назарбаев болмаса, олар да болмас еді. Қазақ елінің тәуелсіздігі, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық тұрақтылық, оның әлемдік антиядролық саясаттағы көшбасшылығына қол жеткізіп, дағдарыстарды еңсеріп, шетелдік инвестицияларды тартып, Ұлттық қорды құрған да Президент. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін бұ­рын болмаған деңгейге көтеру, мемлекет құрумен тең келетін Астананы салу да Елбасының еңбегі. Халықаралық сарап­шылар атап көрсеткендей, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанда президенттік институттың тарихи қажеттілігін дәлелдеп, жаңа жүйе­­нің заңдық негізін қалаған, оны «сынақтан өткізіп, өндіріске ен­гіз­ген» және оның қазақстандық үлгісін қалыптастырып, халық игілігіне, Қазақстанның болашағына жұмыс істеуіне бағдар беріп отырған бірден-бір тарихи тұлға. 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Білім және ғылым министрлігі 

Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы