ка

Халық пен бизнесті сыға бергенше, банктерді де сығайық – Ермұрат Бәпи

09.04.2025 14:30
0
12
Депутат қазір банк акционерлері жылына 100 млн теңгеден көп бонус алады дейді
Бүгін жаңа Салық кодексінің бірінші оқылымында депутат Ермұрат Бәпи салықтан босап отырған бірқатар тұлғаларды атады: оның айтуынша, қазір Қазақстандағы банктердің қожайындары жылына 100 млн теңгеден көп дивиденд алса да салық төлемейді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Орталық Азиядағы ең ірі банктер – бұл Қазақстандағы банктер. Бұндағы аккумуляцияның сомасы қазір 55 трлн теңге деп есептеледі. Бұл – Қазақстанның екі бюджетінен артық сома. Міне, осы банктер өз қожайындарына, яғни, акционерлеріне миллиардтаған дивиденд төлейді. Ірі акционерлер 100 млн теңгеге дейін дивиденд алады. Бірақ, бұл банктік дивидендтер салық режимінен босаған. Серік Жұманғарин мырза, Сіз «елімізде екі рет салық салуға тыйым салынған» дерсіз. Бірақ, біздің еліміздің бюджеті әлеуметтік мақсатқа бағытталған. Бюджетіміздің 53 пайызы әлеуметтік салаға арналған. Дамуы ары кетсе 20 пайыз. Ендеше, банкілердің қоғам алдындағы, әлеумет алдындағы жауапкершілігін көтеру мақсатында дивидендке салық салынуы керек деп ойлаймын. Бұл - акционердің жеке таза пайдасы», - деді Ермұрат Бәпи.
Депутат осы ретте 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын банкирлерге 10 пайыз салық салып, ал миллиард дивиденд алатын акционерлердің салығын 15 пайыз деп бекітсе дұрыс дейді. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттар тарапынан бұндай ұсыныс болмағанын, болса, үкімет қолдайтынын айтты.
«Ондай ұсыныс болған жоқ, егер болса, біз қолдаймыз. Бірақ 100 млн теңгеден төмен болса 10 пайыз көп деп ойлаймын. Егер дивиденд 100 млн теңгеден төмен болса 5 пайыз, 100 млн теңгеден 1 млрд теңге аралағында болса, 10 пайыз, егер дивиденд 1 млрд теңгеден асса, осы дұрыс болады деп есептеймін», - деді Серік Жұманғарин.
Ермұрат Бәпи Салық кодексіндегі негізгі жұмыс тобына кірген депутаттар осындай норма ұсынады деп сенді.
«Біз халық пен бизнесті ғана сыға бергенше, банктерді де сығайық дегенім ғой», - деді депутат.
Жұманғарин болса егер бұндай норма қабылданып жатса, ол тек банкирлерге ғана емес, дивиденд алатын бүкіл адамға байланысты болады деді.
Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий