Балғынбек Имашев ұлын алаяқ дегендерге жауап берді
10.04.2025
08:45
0
132

Алматыда айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы алаяқтық бойынша істе күдікті болғандығы туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Kznews.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Желіде тараған ақпараттарға сәйкес, туристер ақынның ұлы Данияр Имашев атқарушы директор болып қызмет ететін "Qazaq travel" компаниясының үстінен шағым түсірген. Яғни бүгін қасиетті мекенге ұшуы тиіс болған туристерге компания олардың ешқайда ұшпайтынын мәлімдеген.
Нақты кімнің баласы екендігі туралы ақпарат белгісіз. Алаяқтық дерегі бойынша қазіргі таңда Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде қылмыстық іс тергелуде. Ресми түрде 50-ге жуық азамат арызданды. Қазіргі таңда Қылмыстық іс жүргізу Кодексімен көзделген барлық тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Істің объективтілігі мән-жайы анықталып, процессуалды шешім қабылданатын болады, - деп жауап берді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек редакцияның сауалына.Ведомствоның мәліметінше, Алматының өзінде Мәдина мен Меккеге ұша алмаған 50-ден астам адам шағым түсірген. Алматыдан бөлек, арыздарын Бас прокуратураға жолдағалы отырған астаналық бір топ турист іске компанияның атқарушы директоры Данияр Имашевтің әкесі ақын Балғынбектің араласқанын айтты. Мәселенің мән-жайын нақтыламақ үшін айтыскер ақынның өзіне хабарластық. «Мен бұл мәселені кеше кешкісін ғана естідім. Ақтөбеге сапарға кеткен едім, қазір Астанаға келдім. Алматыға ұшайын деп тұрмын. Сол жаққа барып өзім мән-жайды білемін. Қазір ештеңені нақты білмегендіктен толық ақпарат бере алмаймын. Ал ана компанияға (Qazaq travel — ред.) қатысты айтсам, оларға 100% сенімдімін. 10 жылдан бері неше мәрте ол компаниямен бірге умраға бардық. 10 мыңнан астам қажыға қызмет көрсеткен сенімді компания. "Алаяқ компания", "елді жеп жатыр" деген ешқандай шындыққа жанаспайды», - деп жауап берді Балғынбек Имашев. Сондай-ақ ақын ұлына қатысты да өз ойын айтты. «Менің ұлым ол компанияға барғалы үш-ақ ай болды. Тәжірибесіздіктен, білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін. Бірақ "Елді жеп жатыр", "алаяқ екен" дегеннің ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Барып тұрған жала және мені де белгілеп "Ел көтерген азамат халықты алдап жатыр" деп неше түрлі әңгімелер жазып жатыр. Жеке басыма қатысты да сондай сөздер айтылуда. Сырттай ештеңе айтпай-ақ қояйын. Өзім барып сөйлесіп, көзім жеткесін толық пікір беруге дайынмын», - деді айтыскер.
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ