“Ана тіліміз — басты құндылығымыз”: Магнум компаниясы халықтан кешірім сұрады

Қазақ тіліне байланысты даудан кейін бірнеше күн өткен соң Магнум компаниясы ресми мәлімдеме жасап, халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен “Magnum” компаниясына қатысты дау жұртшылықтың ерекше назарын аударды. Дау-дамай Алматы қаласындағы Magnum сауда желісінің бір дүкенінде басталған. Тіл мәселесіне қатысты орын алған түсінбеушілік қоғамда қызу пікірталас туғызды.
Интернетте тараған ақпаратқа сәйкес, компанияның қызметкері қызмет алушыға қазақ тілінде сөйлей бер деп айтып қалған. Алайда клиент осыған ашуланып, компанияға арызданған. Осы сәтте екеуара түсініспеушілік туындап, жанжал ушығып кеткен. Оқиға желіде жарияланғаннан кейін, қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары бұл жағдайды “қазақ тілінің тағы да ескерусіз қалғаны” деп қабылдап, Magnum компаниясына наразылықтарын білдірді. Әлеуметтік желіде бойкот жариялау жайлы да ұсыныстар айтылды. Себебі жұмыскерді компания қызметтен шеттеткен.
Мәселе қыза түскен соң, “Magnum” компаниясының топ-менеджері Нияз Шапақов ресми мәлімдеме жасап, елден кешірім сұрады. Ол өз сөзінде компания қазақ тілін құрметтейтінін, дау-дамайға себеп болған қызметкер мен клиенттің өзара татуласқанын атап өтті. Қазіргі таңда қызметкер жұмысын жалғастырып жатыр.
“Бұл жағдай елді дүрліктіріп, мазасын алғаны үшін өкініш білдіреміз. Ең алдымен біз, яғни Магнум компаниясының басшылығы осы оқиға үшін сүйікті клиенттеріміз бен барша жерлестерімізден кешірім сұраймыз. Халқымыз кез келген дауды сабырмен, ақылға салып шешкен. Қазір жұмысшымыз бен клиенттің арасындағы түсінбеушілік толығымен шешімін тапты. Олар қол алысып татуласты, бір-біріне деген өкпе-реніші жоқ. Ал қызметкеріміз жұмысын Магнумда жалғастырып жатыр. Бәріміз қазақпыз. Осы елдің азаматымыз. Әрине, біз де қазақ тілін құрметтейміз. Ана тіліміз — басты құндылығымыз. Оны білу - әрбіріміздің асыл парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді Шапақов мырза.
Бұл жағдай еліміздегі тіл мәселесінің қаншалықты нәзік әрі өзекті екенін тағы да көрсетті. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, қоғамдық орындарда оның толық қолданысқа енуі әлі де күрделі мәселе күйінде қалып отыр.