тақпақ, жыр, поэма, өлең, Биғали Шоман өлеңдері
Жүрші дос, тыныстайық, тау барайық,
Түтіні тас қаланың — жауға лайық.
Өкпенің сүңгілерін сылып тастап,
Біз солай қасіреттен сау қалайық.
Бір нақыл мен қосайын, ұста бекем,
Жүзді асып көп жасайтын құстар екен.
Өйткені биік ұшып,шыңға шығып,
Таза ауа жұтуға олар құштар екен.
…Ақсақалды қайтайық тауды көріп,
Шүйгін көз көк майсалы бауды көріп
Жонында жатыр дейді мәңгілік мұз,
Басып ап мишығыңа баулы бөрік.
Қазақ ек жаны жаздай, пейілі өктем,
Таудан да, тас-жардан да мейрім күткен.
Бір жасап қалайықшы тауға өрмелеп,
Тұз жалап, мұз қаршысын кей ұл сөккен.
Амандасып келейік тауға-алып,
Сарқыт қып сақалдыдан сауға алып.
Тау жайлы құлақты елге тіс жармайық,
Жүрерміз ішпей-жемей дауға қалып.
Сөздері сүйек жарар ұшпа-қанат,
Күйіңді кетіреді күстаналап.
Үндеме, түтін жұтқан түнек құшар,
Тек біздер жүзді асармыз құсқа қарап.
…Ей, тауым,
Орап ал сақалыңа, көтер мені,
Өкпеге газ ыстаған жетер демің.
…Шалқамнан жатып алып ақ төсіңде,
Алаңсыз тәтті ұйқыға кетерме еді.
Мәңгіліктің нышаны сен едің ғой,
Алпыс жылда мені іздеп келмедің ғой.
Тау халқындай өзіңе қарсы жүрем,
Енді менің паң досым сен дедім ғой…
Биғали Шоман