Жастар жылынан не күтеміз?
Аталған мүмкіндіктер елімізде бұған дейін де аз емес еді. Әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда Қазақстан жастар үшін қолайлы жағдай жасауға аса жоғары көңіл бөледі, дегенмен олардың нәтижелілігі жастардың өзіне де байланысты. 2017 жылғы «Жастар прогресінің индексі» нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында «Негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз ету» көрсеткіші бойынша Ресейден алдыңғы орында, ал жастардың азаматтық белсенділігі өлшемінен төменірек көрсеткіш анықталған.
Қазақстанда жастар саясаты жастарды қолдауға бағытталған айрықша институт болып табылады, сондықтан мемлекет жастар саясатына ерекше көңіл бөледі. 2013 жылы Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданып, 2015 жылы оның бірінші кезеңі аяқталды. Тұжырымдама аясында 2012 жылы барлық облыс пен Астана және Алматы қалаларында жастардың дамуына қолайлы жағдай жасайтын жастар саясаты жөніндегі аймақтық басқармалар құрылды. Ал жас азаматтарға көмек көрсету мақсатында республикада Жастар ресурстық орталықтары (ЖРО) ашылды. Қазіргі таңда елімізде 210 ЖРО жұмыс істеуде және 2258 маман жастарға қызмет көрсетумен айналысады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, келесі жылы Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы жетілдірілмек. «Таза арифметикалық түрде санағанда, бізде бір ЖРО-ға 20 мыңға жуық адам қарайды, ал дәл осы сан Эстонияда, ЭДЫҰ елдерін санамағанда, тек 590 адам ғана екен. Осы мәліметтерді есепке ала отыра, Жастар жылында ЖРО санын арттыру және оларды Бірыңғай аймақтық стандартқа енгізу орынды деп есептеймін», дейді Г.Әбдіқалықова.
2018 жылы «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы жастар ұйымдары жұмысына мақсатты-бағдарлы тәсілдемені енгізу туралы Жол картасын қабылдады. Ал «Жас Отан» Жастар қанатының 2019-2020 жылдары білім беру ұйымдарында жастар парламентін құруы жоспарланған. Сонымен қатар еліміздің барлық аймағында аула клубтарының, спорт алаңдарының саны арттырылады. Жоспарланған шаралардың барлығы Жастар жылына орай жасалған «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» жастар саясатын жүзеге асыру картасында баяндалады.
Бұл Жастар жылы жоспарларының тек кішкене ширегі ғана, дегенмен аталғанның барлығы ең алдымен жас қазақстандықтардың өздері мен олармен жұмыс істейтін мамандарға қосымша жауапкершілік жүктейді.
Біріншіден, жастармен жұмыс істейтін мамандарға күнделікті жұмыстың мазмұндылығы мен жүйелілігін жоғарылатып, жұртқа жақын болу керек, ал жастар ұйымдарының көшбасшылары әрдайым халық ортасынан табылғаны абзал. Қазіргі заман адамдардың назары үшін бәсекелестікті талап етеді, өйткені жаһандық қоғамда қатарынан ұсынылатын баламалы қармақ көп. Ұйымдар халықтың келгенін күтпей, жастар қоғамына өздері сіңісуі керек – олар жиналатын орталықтар, клубтармен тығыз жұмыс істеп, мүшелеріне жастардың мүмкіндіктерін насихаттауы қажет.
Екіншіден, жас қазақстандықтардың өздері де әлеуметтік лифттердің тік жылжуды қамтамасыз етпейтінін түсінгені жөн. Ол лифттерді тауып, кіріп үлгеру де аса маңызды. Мансап, өмірлік табыс, әл-ауқат – мұның барлығы ең алдымен адамның өз құзырында. Қазіргі таңда әлем халықтарының барлығы бір-бірімен қатаң бәсекелестікте, сондықтан Жастар ресурстық орталықтарына барып, бағдарламалар мен жобалар туралы мәлімет, өзінің әлеуетін қалай және қайда дамыта алатыны, қайдан қандай көмек ала алатыны туралы ақпарат іздеуі керек.
Жастық шақ – қуат пен белсенділік кезеңі және оларды конструктивті арнаға бағыттау мақсатында елімізде әртүрлі жастарға арналған жобалар (еріктілік, танымдық, сауықтық) жүзеге асырылуда. Мемлекет жастардан сол мүмкіндіктерді пайдаланып, мүдделес, прогрессивті қатарластарымен араласу арқылы әлеуетті дамыту жолдарын іздеп, жаңа ойларды жүзеге асырудағы мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануын күтеді.
Аида СЫЗДЫҚОВА,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші сарапшысы