Тоқаев үкіметке шұғыл тапсырма берді
Қысқа сілтеме алу
Президенттің айтуынша, мемлекеттік гранттардың бағасын бүгінгі заман талабына сай жан-жақты зерделеу керек
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын көтеруге қатысты бірнеше міндетті атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент алдымен мемлекеттік білім гранттарының бағасын қайта қарап шығу қажет деп санайды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейту керек.
Тағы оқыңыз: Тоқаев мұғалімдердің жалақысын екі есеге өсіруді тапсырды
«Мемлекеттік гранттардың бағасын бүгінгі заман талабына сай жан-жақты зерделеп шығу қажет. Сосын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар мен нормативтерді қайта қарап шыққан жөн. Жоғары білімнің сапасын қамтамасыз етуіміз керек. Онсыз гранттардың санын көбейту шаралары кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Қолжетімді білімді қуамыз деп, оның девальвациясына жол бермеуіміз керек», — деді Тоқаев бүгінгі Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, жергілікті әкімдіктер өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланып, мұғалімдерді білімге еш қатысы жоқ шараларға қатыстырып жатады. Ол да сапалы жұмысқа кері әсерін тигізіп отырады.
«Үкіметке осы проблемаларды шешу үшін шұғыл әрі түбегейлі шаларарды қолға алуды тапсырамын», — деп атап көрсетті Тоқаев.
Осы орайда президент мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шараларды да еске алды. Өткен жылы педагогтардың 35 проценті шекті көрсеткіштен аса алмады.
«Бұл жақсы идея еді. Бірақ оны біржақты өткізді, бюрократиясы көп болды. Ондай квазиреформалар мұғалім мамандығының мәртебесін түсіреді», — дейді Тоқаев.
sputniknews.kz