Өзінің басына оқ атқан: Оралда қарауылда тұрған сарбаз қайтыс болды
Оралда басына оқ тиген сарбаз мерт болды. Бұл туралы Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын «Мой город» сайты жазды.
«Қарауылда тұрған сарбаз өзінің басына оқ атты. Жедел жәрдем қызметі оны ауруханаға жеткізді, бірақ оның өмірін құтқару мүмкін болмады» деді әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Жәнібек Сәрсенов.
Ақпаратқа қарағанда, қайғылы оқиға 16 маусым таңғы сағат 5 жарым шамасында 5517 әскери бөлімінде болған. Оны ауруханаға жеткізген кезде жағдайы мүшкіл болған. Сарбаз реанимация бөлімінде көз жұмған.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Марқұм Ақтөбе қаласынан келген.
Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың суицид жасағаны жайлы ақпарат жиі шығады. Жақында Жамбыл облысында бір сарбаз казарма терезесінен секіріп мерт болды. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп, опат болған. Сол кезде сарбаздың өзіне қол жұмсауына әскердегі әлімжеттік себеп болды деп айтылған.