Өлең: Мұқағали Мақатаев (Тағы да күз тағы міне сары таңды ұзақ түн)
Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн,
Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың,
Ой-хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым,
Өмірімнің есейгенін сезінемін күзде мен,
Алдағыма асығамын, өткенді әсте іздемен,
Ой-хой, шіркін, болашаққа құмармыз ғой біз деген.
Жүрші, жаным, қоңыр күзде серуендейік жырақта,
Қайтқан құстың әуенімен қоштасайық қыратта,
Күз өткенге кейімеймін, сағынамын бірақта.
Қайтып бара жатыр, әне, сағыныштар-тырналар,
Ақ қайыңдар, тал, теректер… алтын сары сырғалар,
Туған жердің кеудесінде тұнжырайды жылғалар.
Қайда кеткен жасыл алқап, жасыл орман, жасыл маң?
Қайда кеткен жақұт гүлдер паң далаға шашылған?
Қайда кеткен, қалай өткен, кімге барып бас ұрған?!
Қалай біздер қапелімде аңғара алмай қалғанбыз?!
Әттеген-ай, неткен аңқау, неткен аңқау жандармыз?
Келіп қапты-ау сағыныштай сап-сарала арман-күз