Кейінгі күндері еліміздегі танымал медиа ресурстың бірі – КазТАГ ақпарат агенттігіне қарсы қозғалған қылмыстық іс қоғамды алаңдатып отыр.
Қоғамдық пікір ауанын сараптайтын болсақ, бұл істе дауласқан екі тараптың мүддесінен бөлек, сөз бостандығына қатысты мәселе туындап отырғанға ұқсайды.
Мәселенің мәнісі былай: Алматы полициясы КазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен ресурстың бас редакторы Әмір Қасеновтың үстінен қылмыстық іс ашқан. Көмескі тұстары көп істің ашылуына Freedom Finance компаниясының арызы негіз болған-мыс.
– Қазақстанда соңғы жылдары қаржы секторы мен сөз бостандығына қатысты бірқатар даулы істер қоғам назарын өзіне аударып отыр. Солардың бірі – Freedom Finance айналасындағы оқиғалар мен осы тақырыпты жариялаған КазТАГ ақпарат агенттігіне қарсы қозғалған қылмыстық іс, – дейді тақырыпқа түсінік берген ақпарат агенттігінің бас редакторы Қасенов.
Медиаресурс басшысының айтуынша, бұл жағдай жеке компания немесе жекелеген топ-менеджерлер мәселесінен әлдеқашан асып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен еліміздің халықаралық беделіне тікелей әсер етуі мүмкін факторға айналып отыр екен.
Мәселеге редакция араласқанға дейін ақшасынан айырылған Freedom Finance салымшылары ұзақ уақыт бойы түрлі мемлекеттік органдарға, тіпті Президент әкімшілігіне дейін жүгінген. Алайда олардың айтуынша, бұл үндеулер нақты нәтиже бермеген. Ал салымшылардың шағымы бойынша мақалалар циклі жарияланғаннан кейін редакцияға қатысты құқық қорғау органдарына арыз түскен. Бір қызығы, ақпарат агенттігінің редакциясы мен құрылтайшылар бас директор мен бас редактордың үстінен қылмыстық іс ашылғанынан күні кешеге дейін хабарсыз болып келген. Яғни, іске қатысты тергеу әрекеттері біржақты жүргізілген дейді КазТАГ агенттігінің қорғаушылары.
– Осы ретте назар аударатын жайт – Freedom Finance пен оның басшысы Тимур Турлов туралы оң, мадаққа толы материалдар жариялап жүрген бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары салымшылар көтерген алаяқтық схемалар жайлы деректерге мүлде назар аудармағандай әсер қалдырады. Өйткені, Freedom Finance-тің бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты істер ұзақ уақыт «тергеліп», нақты нәтижесіз қалған, кейбір қылмыстық істер жәбірленушілердің уәжі тыңдалмай-ақ тоқтатылған, салымшының өз-өзіне қол жұмсауына байланысты қозғалған іс те жабылған, – дейді КазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов.
Сонымен қатар, заңмен тыйым салынған шетел азаматтарына төлем карталарын қашықтан беру фактілері бойынша мемлекеттік деңгейде толыққанды тексерулер жүргізілгені туралы ашық ақпарат жоқ. Осы оқиғалар туралы жәбірленушілердің сөзін келтіріп, ақпарат таратқан КазТАГ агенттігіне қарсы қылмыстық істің қозғалу уақыты мен барысы қоғамда үлкен сұрақтар туғызды. Адвокаттардың айтуынша, іс редакциядан жасырын түрде қозғалып, журналистерге материалдармен танысуға және сараптамаларға қатысуға мүмкіндік берілмеген. Есесіне, арызданушы тарап полициямен белсенді түрде жұмыс істеген. Қазіргі кезеңде агенттік басшылары сырттай күдікті деп танылғаны анықталды.
Бұл істе Қазақстанды алаңдатарлық мәселе бар. Ол – қаржы ұйымының әрекетінде Ресейге санкцияларды айналып өтуге қатысты мәлімдеме болып отыр. Медиаресурс басшылығы өздеріне жасалған қысым да осы бағытта болып отыр деп санайды. Қазір КазТАГ агенттігінің өкілдері Еуроодақ елшіліктеріне Freedom Finance-тің бұрынғы менеджерлерінің бірімен болған әңгіме аудиожазбасын тапсырған. Онда Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге байланысты ірі көлемдегі операциялар туралы сөз болады-мыс. Әмір Қасенов осыған байланысты аталған қылмыстық істің АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания тарапынан мұқият бақылауда екенін хабарлады.
Айтпақшы, аталған іске қатысты Премьер-Министрдің орынбасар - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеме жасаған болатын.
– Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр. Біз үшін елімізде сөз бостандығының сақталуы мен барлық ақпарат таратып отырғандардың заң аясында жұмыс істеуі аса маңызды. Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек. Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты.
Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін.
Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз.
Журналистерімізге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін.
Министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқықығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын, – деп жазылған министр Аида Балаеваның мәлімдемесінде.