11 желтоқсанда Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз жиынын өткізді. Конференция барысында күтпеген әрі көпшіліктің назарын аудартқан жағдай орын алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сұрақ-жауап бөлімі кезінде журналистердің бірі әкімге сұрақ қоюдың орнына оны ерекше мақтап, сөзін былай сабақтады:
"Біздің Шымкент сіз келмей тұрып үлкен ауылға ұқсайтын. ‘Мегаполис’ деуге ұялатынбыз. Ал сіз қызметке келгелі қала шетелдік мегаполистермен салыстыруға болатын деңгейге көтерілді. Тұрғындар сіз басқа жаққа ауысып кетіп, бізді жетімсіретіп кетпей ме деп уайымдайды", – деді журналист.
Бұл мақтау сөзге әкім сабырмен жауап берді:
"Маған дейінгі әріптестерім де қаланы дамыту үшін бар күшін салды, мұны өзіңіз де білесіз. Бағаны әрдайым халық береді. Бізді тағайындау – Президенттің шешімі. Болашақта да не болатынын сол кісі анықтайды", – деді Сыздықбеков.
Әкімнің жауабынан кейін журналист:
"Сізді бізге әкім етіп сайлаған Аллаға және Президентке рақмет", – деп қосып қойды.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар журналистің мұндай мақтауын орынсыз әрі ұят деп бағаласа, енді бір бөлігі әкімнің шынымен де қала үшін көп жұмыс атқарғанын айтып, оны қорғап шықты.